Соғыстан кеш оралған жауынгер

3685
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өткізіліп жатқан «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы аясында Талдықорған қаласында тұратын 101 жастағы қарт майдангер Ысқақ Құсайынов ақсақалға Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері арнайы барып қайтты, деп хабарлайды DKnews.kz.  

Ысқақ Құсайынов 1924 жылы дүниеге келген. 18 жасында өз еркімен майданға аттанып, Украина майданында атқыштар дивизиясының құрамында соғысқан. Амур әскери-теңіз флотының "Зенит" дивизиясында қызмет еткен. "Әскери-теңіз флотының үздігі" атағын алған. Кеңес-Жапон соғысына қатысып, елге 1947 жылы бірақ оралған.

Елге келген соң, Лепсідегі педагогикалық училищеге түсіп, 40 жылға жуық ұстаздық қызмет еткен. Халық ағарту ісінің озық қызметкері, бірқатар мекетеп оқулықтарының авторы болды. 

Ұландықтарды бастап келген 5514 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Нұрсұлтан Төлеген:

-Қазір Ұлттық ұланда «Жеңіске 100 күн қалғанда» акциясы өтіп жатыр. Акцияның мақсаты – қатары сиреп қалған соғыс ардагерлерінің әрқайсысына мейлінше көңіл бөлуге тырысу. Майдангер қарттардың жасы қазір 100-ге жетіп, одан асып отыр. Көзі тірі отырған аңыз қарттарымыз – нағыз қазынамыз. Оларға қандай құрмет көрсетсек те, артық етпейді.  Батыр аталарымыз – болашақ үшін үлгі тұтар зор тұлғалар, – дейді. Сонымен қатар, ұландықтар ардагерге алып келген сый-сияпаттарын ұсынды.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ысқақ Құсайынов жауынгерлік міндеттерді орындауда батылдық танытқаны үшін II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, КСРО-ның маңызды марапаттарының бірі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Жуков» медалімен, "Жапонияны жеңгені үшін", "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен және басқа да  наградалармен марапатталған. Жетісу облысы Алакөл ауданының құрметті азаматы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -