17 командадан тұратын ұлдар мен қыздар жарысы Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының базасында өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті және «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер қозғалысы.
Жас спортшылар шаңғы жарысында, пневматикалық винтовкадан ату, белтемірге тартылу (ұлдар), денені шалқасынан жатып көтеру (қыздар) жарыстарында бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы бірінші орын иегері атанды. Екінші орынды Алматы қаласының командасы, ал үшінші орынды Ақмола облысының спортшылары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді белгілі спортшылар – ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаев пен Қазақстан тарихында қыздар арасында ММА бойынша тұңғыш чемпион Мөлдір Әшірбекова құттықтады.
Салтанатты шара Ұлттық әскери-патриоттық орталық Алматы филиалы мен «Жас сарбаз» балалар студиясы шығармашылық ұжымының концертімен аяқталды.