«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің оркестрі халықаралық әйелдер күніне орай ақ халаттыларды құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық ұланның Семей қаласындағы әскери бөлімінің өнерпаздары қалалық полиция департаментіне қарасты госпитальге барып, нәзікжанды медицина қызметкерлеріне өнер көрсетті.
Шара барысында әскери әндер шырқалып, оркестрдің ұжымдық қойылымы абзал жандарды тәнті етті.
- Менің ойымша, әскери оркестр нәзікжанды медицина қызметкерлеріне ерекше сезім сыйлады. Жанды дауыстағы әндер дәрігер ханымдар мен медбикелерге шынайы эмоция дарытқандай, - дейді 5511 әскери бөлім командирінің орынбасары подполковник Арман Абдрасулов.
Соқпалы, үрмелі аспаптардан шыққан әуезді әуен, танымал туындылардан попурри және жаз стиліндегі мелодиялар орындап тыңдарман қауымды баурап, тіпті ақ халаттылар би билеп, тамаша көңіл күй көтерді. Халықаралық мейрам аясында ұйымдастырылған концертке шара соңында госпиталь басшылығы шексіз алғысын жаудырды.