Әскери оркестрлер әйелдерге мереке сыйлады

4356
Фотосурет: Gov

Әскери музыканттар қазақстандық әйелдерді 8 наурыз мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мереке қарсаңында «Нұрлы жол» теміржол вокзалы мен «Қазмедиа орталығы» телерадиокешенінде ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің концерттері өтті.

Халықаралық әйелдер күніне арналған іс-шара жолаушыларды бей-жай қалдырмады. Әскери қызметшілер әйелдерге шоколад пен көктемнің символы қызғалдақ сыйлады.

– Елорданың халық көп жиналатын алаңдарында өнер көрсету жақсы дәстүрге айналды. Бүгін біз 68665 әскери бөлімінің құрмет қарауыл ротасымен бірлесіп, әжелерімізді аналарымыз бен әпкелерімізді мерекемен құттықтадық. Дәстүр бойынша біз әскери-патриоттық әндерді, марштар мен көпшілікке танымал әуендерді орындадық. Барлық әйел-аналарға бақыт тілеймін, – деді Орталық әскери оркестрдің дирижері аға сержант Абзал Иманғалиев.

Тыңдаушылар Ұлттық әскери-патриоттық орталық шығармашылық ұжымының өнерін жылы қабылдады.

– Жұмыста жүріп, мерекені ұмытып кетіп жатамыз. Бүгін әскери музыканттардың арқасында біз мерекелік көңіл-күйді сезіне алдық. Әскери қызметшілердің музыкалық тартуы бізді шабыттандырып, жарқын эмоция сыйлады. Баршаңызға бейбітшілік, жақсылық пен амандық тілеймін, – деді «Хабар» агенттігінің Абай облысындағы меншікті тілшісі Ботагөз Дандыбаева.

Құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері саптық дефиле орындап, жолаушыларды қимыл үйлесімділігімен таң қалдырды.

– Немерем екеуміз Жезқазғанға бара жатырмыз. Міне, осындай керемет концертке куә болдық. Әскери қызметшілерге мерекелік көңіл-күй сыйлағаны үшін рахмет айтамын, – деді Сәуле Жанділдина.

Көрермендер музыканттар мен солистерге үлкен қошемет көрсетті. Ал музыканттар үшін жолаушылардың ризашылығы ең жақсы марапат болды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -