1500-ге жуық әйел Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарады

6787
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Бүгінде Ұлттық ұланда 1500-ге жуық әйел әскери қызмет атқарып жүр, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олардың ішінде 240-тан астамы қаржылық қамтамасыз ету саласында қызмет етеді, 50-і байланыс қызметінде, 80-і маңызды мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмылдырылған, 50 әйел авиацияда қызмет атқарса, 53-і барлық әскери қызметшілердің моральдық-психологиялық жағдайын бақылап отыр.

Олар ер адамдармен қатар еліміздің қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша күрделі қызметтік міндеттерді орындайды және ерлерге тән мамандықтың барлық қиындығын бірдей арқалайды. Олардың екі жүзден астамы офицерлік лауазымдарда абыройлы қызмет атқарып келеді.

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылық штабы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды.

Жылдағы дәстүр бойынша мереке күні әйел-әскери қызметшілер, ардагерлер мен өзара қарым-қатынастағы органдардың өкілдері ҚР Ішкі істер министрі мен министрдің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының атынан құрметке бөленді. Сондай-ақ қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және қызметте жоғары жетістіктерге қол жеткізгені үшін олар кеуде белгілерімен, грамоталармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінде ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» наградасымен 5513 әскери бөлімінің медициналық пунктінің аға маманы, аға сержант Гүлім Абдығалиева марапатталған болатын.

Салтанатты іс-шара барысында Бас қолбасшы барлық әйелдер қауымына алғыс білдірді.

"Сіздердің еліміздің қауіпсіздігі мен қорғанысына қосқан үлестеріңіз өте маңызды. Сіздер — күштің, даналықтың және өз ісіне деген адалдықтың символысыздар. Әйел-әскери қызметшілердің кәсібилігі мен төзімділігі бәрімізге шабыт сыйлайды. Сондай-ақ ұлдарын әскерге ел тыныштығын сақтау үшін жіберген барлық анаға ерекше алғыс айтамын. Әскерде қызмет ететін ерлердің жарларына да алғысым шексіз, себебі олар жұбайларымен бірге қызметтің барлық қиындықтары мен ауыртпалығын бөліседі. Отбасыларыңызда бақыт пен тыныштық болсын" Генерал-майор Аңсаған Балтабеков

Айта кетейік, әйел-әскери қызметшілер күзетте, байланыс тораптарында қызмет етіп, әскери-медициналық, тылдық және бюджеттік-қаржылық қамтамасыз ету жұмыстарымен айналысады. Сонымен қатар олар әйелдер кеңесінің құрамын қосылып, әскери қызметшілердің әлеуметтік қамтамасыз етілуі мен жас отбасыларды қолдауға қатысты мәселелерді шешуге атсалысады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -