Құрбандар мен жарақат алғандар жоқ: Алматы әуежайындағы оқиға туралы не белгілі

2607
Фотосурет: polisia.kz

Ішкі істер министрлігі Алматы әуежайында болған оқиғаға қатысты пікір білдірді.

Қолына пышақ ұстаған ер адам әуежай қызметкерін кепілге алып, рюкзагында "бомба" бар деп жолаушыларды қорқытқан.

Аталған факт бойынша үш қылмыстық іс қозғалды:

  • Кепілге алу (ҚР ҚК-нің 261-бабы 2-бөлігі 4-тармағы) - мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
  • Қару қолдану арқылы жасалған бұзақылық (ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі) - 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
  • Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау (ҚР ҚК-нің 273-бабы) - 5 000 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Ведомствода хабарлағандай, оқиғаның мән-жайын тексеру үшін жедел-тергеу тобы құрылды.

Зардап шеккендер жоқ.

Сот шешімімен күдіктіге қатысты екі айға қамауда ұстау туралы бұлтартпау шарасы санкцияланды.

Сонымен қатар Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың тапсырмасымен елдегі әуежайлар мен вокзалдардағы қауіпсіздік жүйесі тексерілуде.

Негізгі назарда:

  • осал тұстарды анықтау;
  • қауіптің алдын алу;
  • бақылауды күшейту;
  • әрекет ету алгоритмін жетілдіру;
  • күзет қызметкерлерін оқыту;
  • құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды нығайту.

ІІМ жағдай толық бақылауда екенін, болашақта мұндай оқиғалардың алдын алу үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.

Шұғыла Тұрлыбек


«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -