Премьер-министрдің еліміздегі 50-ден астам теміржол вокзалын жаңарту жөніндегі тапсырмасы аясында көлік министрі Марат Қарабаев биыл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған Екібастұз қаласындағы теміржол вокзалына барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында мынадай жұмыстар атқарылды:
- Ғимараттың қасбеті толық жаңартылып, қаптау материалы ауыстырылды, қабырғалар оқшауланып, кіреберіс кеңейтілді;
- Жаңа терезе ойықтары мен витраждар орнатылды;
- Ішкі инженерлік желілер толықтай жаңартылды: жылу жүйесі, сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау және өрт қауіпсіздігі сигнализациясы орнатылды;
- Екі жолаушылар лифті орнатылды;
- Желдету жүйесі жаңғыртылды;
- Билет кассалары, күту аймағы, фудкорт және балалар аймағы жөндеуден өтті: еден жабындары, қабырғалар мен төбелер жаңартылды;
- Аумағы 1300 шаршы метр болатын гранит төселді;
- Перрон жабыны жаңартылып, вокзал ғимаратының алдындағы тас төсеніштер ауыстырылды, нөсерлік кәріз жүйесі орнатылды;
Бүгінгі таңда бұл вокзал арқылы 8 жұп жолаушылар пойызы қатынайды, олардың ішінде 2 жұбы қала маңына тасымалдайды.
Бұдан бөлек, биыл Екібастұз қаласында теміржол көлігін жасау саласын дамытуға бағытталған жаңа зауыт ашылмақ.
Жұмыс сапары барысында Марат Қарабаев RailCast Systems зауытына барып, ірі өнеркәсіптік жобаның құрылысымен танысты.
RailCast Systems – еліміздегі теміржол осьтерінің дайындамалары, бандаждары және штампталған бөлшектерін шығаратын жалғыз заманауи зауыт. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 160 900 бірлікті құрайды. Зауыт іске қосылғаннан кейін шамамен 550 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қазіргі таңда мұнда жабдықтарды монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Зауытты іске қосу осы жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.