Ұлы Жеңістің сексен жылдығы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Анастасия Светочева Ұлттық ұланның әскери бөлімінде арнайы қонақ болды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімі майдангерге алдымен сый-құрмет танытып, мадақтама қағазын табыстап, одан кейін концерттік бағдарлама ұсынды.
"Біз үшін майдангердің орыны әрқашан бөлек. Күні кеше ардагердің шаңырағына ат басын бұрып, жайылған ақ дастарханға ұлттық тағам түрлерін қойдық. Енді, бүгін міне, ардагер біздің әскери бөлімге келді. Біз көнекөздің көңілін көтеріп, жағымды естеліктер сыйлау үшін сан түрлі ерекше тосын-сыйлар мен сахналанған көріністердің түр-түрін ұйымдастырдық" 3477 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Аңсар Шакенов
Сонымен қатар шара барысында 3477 әскери бөлімінің арулары Ішкі істер Министрінің орынбасары —Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы және бөлім командирінің тарапынан марапатталды. Жүз үш жасар ардагер шара соңында ұландықтарға ақ батасын беріп, шақырғандары үшін алғысын жаудырды.