Көкшетаудағы жол ережесін бұзушылықтар: жедел жәрдемдегі AI-камера бір айда 8 000 жағдайды анықтады

Фотосурет: Ақмола облысының әкімдігі

Көкшетауда жедел жәрдем көлігінде жол қозғалысын бақылайтын жүйе сынақтан өтуде: бір айда 8000-нан астам заң бұзушылық анықталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Көкшетауда жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін анықтайтын мобильді кешенді тестілеу бойынша пилоттық жоба жалғасып жатыр.

Жедел жәрдем көлігіне орнатылған жүйе бір ай ішінде 8000-нан астам заң бұзушылықты анықтады.

Жиналған деректер жол жағдайын талдауға, проблемалық учаскелерді анықтауға және жол қауіпсіздігін арттыру мен жауапты жүргізу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған алдын алу шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді.

Ақмола облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Ержан Мағжанның айтуынша, жоба облыс әкімінің бастамасы аясында іске асырылуда және басты назар жол қозғалысын талдау мен алдын алу шараларын енгізуге аударылады.

«Цифрлық құралдар проблемалық аймақтарды анықтап, оларды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Мұнда басты мақсат – тек заң бұзушылықтарды тіркеу ғана емес, олардың себептерін түсініп, жолдарды баршаға қауіпсіз ететін шешімдер табу» Ержан Мағжан, Ақмола облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы

Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Кимнің айтуынша, олардың технологиялары жол қауіпсіздігі үшін ұзақ жылдар бойы әзірленіп келеді.

«Өкінішке қарай, бүгінде жүргізушілерге тек әкімшілік шаралар ғана әсер етеді. Ал біз жедел жәрдем көлігіне жол беру – жүргізушілер үшін әдетке айналса дейміз. Жүргізуші тәртібін күшейту арқылы біз айыппұл санын азайтып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға қол жеткізер едік» Sergek Group компаниясының бас директоры Евгений Ким

Ол сондай-ақ жедел жәрдем көлігіне орнатылған Sergek Patrol мобильді аппараттық-бағдарламалық кешені жасанды интеллект (AI), заманауи камералар және радармен жабдықталғанын атап өтті. Бұл жүйе түнгі уақытта, кез келген ауа райында, байланыс болмаған жағдайда да заң бұзушылықтарды анықтай алады.

Айта кетейік, жедел жәрдем көлігінде орнатылған камералар мен радарлармен жабдықталған ақпартаттық-бағдарламалық кешен сынақтан өтіп жатыр. Қазіргі таңда жүйе жылдамдықты 60 км/сағ және 80 км/сағ шектеулі аймақтарда асырған жағдайларды анықтауға бейімделген.

Бүгінде жүйе тек талдау режимінде жұмыс істейді, яғни айыппұлдар салынбайды. Жиналған деректер тек жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша шараларды әзірлеу үшін пайдаланылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -