Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов Қонаев және Алматы өңірлік гарнизондарына жұмыс сапарымен барып, «Жағалау» полигонында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің кіші мамандарын даярлау оқу-жаттығу орталығының құрылысы барысымен танысып, «Алматыэнергосервис» ЖШС нысандарын аралады, деп хабарлайды DKnews.kz.
"Ел Президенті – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы 2025 жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Осыған байланысты кіші мамандарды даярлау бойынша жаңа оқу-жаттығу орталығын құру өзекті болып отыр" Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов
Мұнда БТР-80 (БТР-80А) және қазақстандық «Арлан» сауытты көлігінің жүргізушілерін, инженерлік бөлімшелердің, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау мамандарын, ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелердің, радиоэлектрондық барлау мен радиоэлектрондық күрес операторларын даярлау жоспарланып отыр.
Қорғаныс министрі болашақ орталықтың инфрақұрылымын, жауынгерлік машиналардың жүзуі үшін салынып жатқан су айдынын, жеке құрамның жыл бойы тұруына арналған казарманы, асхананы, жылу және сумен жабдықтау құрылғыларын қарап шықты.
Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев министрге бөлімшелердің жеке құрамын оқыту кезінде ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер бөлімшелері пайдаланатын электрондық күрестің жаңа жабдықтарын, траншея дрондарын жойғыштар мен байланыс құралдарын көрсетті.
Алматыда қорғаныс ведомствосының басшысы «Алматыэнергосервис» ЖШС – тренажерлер, имитаторлар, полигондық жабдықтар, қосалқы бөлшектер мен әскери мақсаттағы бұйымдарға керек-жарақтар шығаратын қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорнында болды.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылғы 13 ақпанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Президент Жарлығының қабылдануымен мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру міндеттері Қорғаныс министрлігінің құзырына берілді.