Қанат Бозымбаев Ұлытаудың су басу қаупі жоғары аймақтарын аралады

1353
Фотосурет: UKIMET

Қанат Бозымбаев Ұлытау өңірінің көктемгі су тасқынына дайындығын тексерді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министрдің тапсырмасы шеңберінде Астанада өткен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб отырысынан кейін вице-премьер Қанат Бозымбаев Ұлытау облысына барды. 

Ұлытау ауданының Қаракеңгір және Сарыкеңгір өзенінің арнасы, Малшыбай, Бозтұмсық, Қорғасын ауылдары, Қараторғай өзенінің арнасын Қостанай облысының шекарасына дейін аралап, Кененбай және Қарсақпай бөгеттерінің жай-күйіне тексеру жүргізілді.

Сондай-ақ вице-премьер Сарысу өзенінің бойында орналасқан Жыланды және Жаңабас елді мекендерін аралап, Кеңгір және Жезді су қоймаларында болды. Жезді өзені арнасының жағдайын тексерді, онда санация, арнаны тазарту және жағалауды нығайту (2 шақырым) жүргізілуде. Инспекция барысында Қанат Бозымбаев өзендегі барлық қажетті жұмысты аяқтап, Жезді ауылындағы қорғаныс бөгеттерін көтеруді тапсырды.

Ұлытау облысында барлығы 15,7 шақырым бөгет және 115 метр арық салынды. 5,8 шақырым канал, 1,3 шақырым арық және 281 бірлік су өткізу құрылыстары тазартылды. Талдысай өзенінің арнасы тазаланып, Жыланды ауылындағы Сарысу өзенінің жағалауын бекіту бойынша шаралар қабылданды.

Сонымен қатар өңір тасқын қаупі жоғары аймаққа жатады. Облыс аумағында су тасу қаупі бар 27 елді мекен бар, оның ішінде 11-інде су басу қаупі сақталып отыр. Осыған байланысты, Қанат Бозымбаев қарғын судың еш кедергісіз ағып кетуі үшін өзен арналарын, нөсер ағындары мен су бұру арналарын тазарту жөніндегі бригадаларды ұйымдастыруды, сондай-ақ су қоймаларынан су ағызуды реттеуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Құтқару қызметтерінің күштері мен құралдарының жедел ден қоюға дайындығын, отын, азық-түлік және медициналық құралдар резервтерін дайындауды қамтамасыз ету тапсырылды. Сонымен бірге өңірде гидротехникалық құрылыстарға көпфакторлы тексеру жүргізіледі және қажет болған жағдайда оларды нығайту, жөндеу бойынша шаралар қабылданады.

Бұған қоса, қажет болған жағдайда адамдарды эвакуациялау және ойпатта орналасқан қыстаудан малды қауіпсіз жерге айдауды уақтылы жүргізу, Төтенше жаңдайлар министрлігіне – еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеке құрамды жіберу және «Қазақмыс» корпорациясына су тасқынына қарсы жұмыстарға қажетті техника бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -