ҚР Қорғаныс министрлігі Астанада өткен брифингте халықаралық ынтымақтастықтың басымдықтарын атады

1408
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде өткен іс-шараға елімізде тіркелген әскери-дипломатиялық корпус (ӘДК) пен Қорғаныс министрлігі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Бақытбек Сыдықов Қарулы күштер арасындағы халықаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосып жатқан әскери атташелерге алғысын білдірді.

Ол ӘДК өкілдерін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад туралы хабардар етті. Бұл іс-шараға әскери дипломаттар қонақ ретінде шақырылып отыр.

Брифингте генерал-майор Бақытбек Сыдықов қорғаныс ведомствосының шет мемлекеттер Қарулы күштерімен өзара ынтымақтастығының басымдықтарын атап өтті.

Олардың қатарында жауынгерлік және бітімгерлік дайындық, Ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдарының өзара іс-қимылын жетілдіру, Арнайы операциялар күштерін, РЭК, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс және киберқауіпсіздік бөлімшелерін даярлау бар. Сондай-ақ, әскери-техникалық ынтымақтастыққа, әскери-көліктік авиацияның әлеуетін арттыруға, ұшқышсыз жүйелерді пайдалануға және әскери білім беру саласында тәжірибе алмасуға ерекше назар аударылады.

Әскери дипломаттар үшін Стратегиялық даму, Халықаралық ынтымақтастық департаменттері, Қару-жарақты бақылау және инспекцияны қамтамасыз ету орталығы, Арнайы операциялар күштерінің қолбасшылығы және Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубы офицерлерінің брифингтері ұйымдастырылды.

Брифингке қатысушылар ҚР Қарулы күштерінің даму бағыттары, бітімгерлік дайындық, Арнайы операциялар күштері қызметінің ерекшелігі және Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты халықаралық бақылау жүйесіне қатысуы туралы хабардар етілді. Сонымен бірге Қазақстанда әскери қызметшілер арасында қазақ күресі бойынша CISM әлем чемпионатын өткізу де маңызды оқиға болмақ.

Өз кезегінде Беларусь Қарулы күштерінің өкілі, әскери-дипломатиялық корпус дуайені полковник Дмитрий Кураш сөз алып, қазақстандық тарапқа сенім мен өзара тиімді серіктестікке негізделген жемісті ынтымақтастығы үшін алғысын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -