Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтерген бастамалары мен берген тапсырмаларын орындауға қатысты жұмысты ұйымдастыру бойынша жиын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Басқосуға Президент Әкімшілігінің, Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Ұлттық экономика, Туризм және спорт, Сыртқы істер, Әділет министрліктерінің және ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшылары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысы өз сөзінде мәні зор гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық жобалар туралы айтқанын және басқа да заңнамалық сипаттағы бірқатар маңызды тапсырма бергенін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші жауапты органдарға Президенттің бастамалары мен тапсырмаларын жүзеге асыруға қатысты нақты құрылымы бар Іс-шаралар жоспарын мұқият пысықтап, әзірлеу туралы тапсырма берді. Сондай-ақ ол Ұлттық құрылтайдың IV отырысының жұмыс секциялары мен пленарлық бөлігінде Құрылтай мүшелері берген ұсыныстарды іске асыруға қатысты бөлек жоспар әзірлеуді тапсырды.
Ерлан Қарин Президент бастамаларын жүзеге асыру туралы айта келіп, алдағы уақытта атқарылатын бірлескен жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар, Құрылтай мүшелері, депутаттар мен сарапшылар белсене атсалысуы қажет екенін ерекше атап өтті. Мемлекеттік кеңесшінің пайымдауынша, Президент ұсынған мәні зор жобалар мен бастамаларды қоғам арасында және ақпарат кеңістігінде түсіндіру өте маңызды.
Мемлекеттік кеңесші жиынды қорытындылап, Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент айтқан міндеттерді сапалы орындау қажет екеніне баса назар аударды.