ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қостанайлық әскери қызметшілері кептеліп қалған автокөліктің жүргізушісіне көмектесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшілері автокөлігі Қостанай-Арқалық тас жолының шетіне шыққан жүргізушіге көмек көрсетті.
Су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Арқалық қаласына бет алған әскери қызметшілер қарда тұрып қалған көлікті байқаған.
Жол жиегіне тоқтап, дереу көмек көрсетуге кірісті. Жедел іс-қимылдың арқасында әскери қызметшілер көлікті қар үйіндісінен шығарып алды.
"Қатты тұман болғандықтан, мен рөлді игере алмай жол шетіне шығып кеттім. Ұлттық ұланның әскери қызметшілері бірден көмекке келді және менің көлігімді басқа көлік жүргізушісімен бірге шығарды. Мен оларға алғыс білдіремін"" Жүргізуші Ержан Оспанов
Осыдан кейін әскери қызметшілер Арқалыққа барып, өз жолын және қызметтік міндеттерін орындауды жалғастырды.