Денсаулық сақтау министрлігінде Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттарымен, сарапшылармен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, ағарту министрліктерінің өкілдерімен, практик дәрігерлермен жақ-бет патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсетудің өзекті мәселелерін талқылау үшін кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бүгінде Қазақстанда кемістікті жоюға, сондай-ақ тұлғаның эстетикалық келбетін бірнеше кезеңде қалпына келтіруге бағытталған балаларға операциялық араласудың 18 түрі жүргізіледі.
2024 жылы мыналар жүргізілді:
* Ауыз қуысының құрылымына 4800 операция;
* 846 қалпына келтіру және пластикалық операция;
* Бет сүйегіне 1035 операция;
* Бет сүйегі мен жұтқыншаққа 45 операция.
Сонымен қатар, өткен жылы ортодонтиялық түзету бойынша 12,5 мыңнан астам қызмет және тіс-жақ патологиясын жоюға арналған мамандандырылған аппараттарды пайдалана отырып, жақ-бет аймағында туа біткен ауытқуы бар балаларға 12,8 мыңнан астам ортодонтиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ алынбалы аппараттарды пайдалана отырып, ортодонтиялық көмектің 7061 қызметі жүргізілді.
Жыл сайын Қазақстанда туа біткен жақ-бет кемістіктері бар 200-250 бала туады, оларға хирургиялық түзетуді, ортодонтиялық көмекті және эндопротездеуді қоса алғанда, әртүрлі емдеу қажет.
Жақ-бет патологиясы - медициналық көмек көрсету тұрғысынан ең күрделі, көп сатылы, бірқатар аралас мамандарды тартуды талап етеді. Жақ-бет хирургтарынан, стоматологтардан, педиатрлардан басқа неонатологтардың, нейрохирургтардың, генетиктердің, отоларингологтардың қатысуы қажет. Мұндай балаларды оңалту медициналық емес мамандарды: логопедтерді, педагогтарды, клиникалық психологтарды тартпай мүмкін емес.
Технологияларды тиісті үйлестіру және трансферттеу мақсатында балалар жақ-бет хирургиясы орталығы болып «UMC» КҚ Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы айқындалды.
Кездесуге қатысушылардың назарында облыстық балалар стационарлары базасында мамандандырылған медициналық көмекті ұйымдастыру, пациенттерді медициналық көмек көрсету деңгейлері бойынша маршруттау, шетелдік және қазақстандық мамандарды тарта отырып, өңірлерде дәрігерлерді оқыту мәселелері болды. Бұл жергілікті жерлерде жоғары сапалы қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және республикалық медициналық орталықтарға жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Проблемалық мәселелерді талқылау барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Жанна Асанова беттің кемістіктерінен зардап шегетін көптеген бала айтарлықтай психологиялық қиындықтарға тап болуға мәжбүр екенін, бұл олардың дамуы мен отбасындағы қарым-қатынастарына әсер ететінін атап өтті.
Депутат ортодонтиялық көмекті ілгерілетуге және осы саладағы басқа да мәселелерді шешуге белсенді қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Әр баланың қажетті емделуі және толыққанды өмір сүру мүмкіндігі болуы маңызды, деп атап өтті сенатор.
Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенованың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі пациенттерді маршруттау алгоритмін және жақ-бет патологиясы бар балаларға медициналық көмек көрсетуді өңірлендіру жүйесін әзірлейтін болады. Бұл пациенттерді біркелкі бөлуді қамтамасыз етеді және амбулаториядан стационарлық қызметке дейінгі барлық деңгейлерде медициналық қызметтердің сапасын жақсартады.
Сондай-ақ, вице-министр 2026 жылдан бастап облыстық ересектер мен балалар ауруханаларын дамыту жөніндегі жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті, онда жақ-бет хирургиясы бойынша заманауи жаңа технологиялар сараланатын болады. Осы жобаның шеңберінде стационарлардың материалдық-техникалық базасын күшейту, ЖОО-лар орналасқан өңірлік орталықтардың есебінен мамандарды даярлаудың дуальды білім беру элементін енгізу көзделген.
Медициналық көмектің осы түрін өңірлендірудің сәтті мысалдары Қостанай және Жамбыл облыстары болды, онда 2024 жылы ЖБП жою бойынша жаңа операциялық араласулар жүргізілді.
Сенат депутаттары бастамашылық еткен кездесудің қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жақ-бет патологиясы бар балаларға арналған ірі орталықтарда қымбат тұратын операциялық араласудың барлық түрлерінің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік беретін жеке бағдарламаның жобасын әзірлеу жөнінде ұсыныс жасады, сондай-ақ жақ-бет патологиясы бар балаларды қолдау жөніндегі ведомствоаралық жоспар әзірленетін болады.
Өз кезегінде, ҚР ДСМ-ның бас штаттан тыс генетигі бет дамуының кемістігі фолатқа тәуелді кемістігі екенін атап өтті. Жатырішілік даму кезеңінде мұндай кемістіктердің профилактикасы үшін фолий қышқылын қабылдау қажет, ол баланың тууын жоспарлау кезеңінде ұсынылады. «Аналар саулығы» жобасының шеңберінде әйелдерді жүктілікке дайындау кешені көзделеді.
Жақ-бет патологиясы бар балаларға қымбат хирургиялық, ортодонтиялық және стоматологиялық көмектің барлық көлемі кепілдендірілген медициналық көмек пакетінің шеңберінде де, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де тегін көрсетілетінін айта кеткен жөн.