2025 жылғы 16 наурызда Астанада «Senat Open» II Ашық кубогының іріктеу кезеңі өтті. Турнир Эло рейтингі 2000-ға дейінгі 125 қатысушының басын қосты. Үздік 35 ойыншы бес жартылай финалдың бірінде елордамыздың намысын қорғау құқығына ие болды.
Суретті түсірген: Руслан Мазунин
Турнирді бастаған бірінші символдық жүрісті Қазақстан шахмат федерациясының (KazChess) вице-президенті Марат Сағынтайұлы Есенов жасады. Сонымен қатар, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнолқабден және Астана қаласы Шахмат федерациясының президенті, Астана қаласы мәслихатының Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі Абзал Сағымбаев осынау айтулы іс-шараға қатысушыларды құттықтады. Турнирдің бас төрешісі болып халықаралық шебер және ФИДЕ төрешісі Рустам Қайырбеков тағайындалды.
Суретті түсірген: Руслан Мазунин
Турнир жеңімпазы болып мүмкін 9 ұпайдан 8½ ұпай жинаған Виктор Журавлёв атанды (рапидтегі рейтингі – 1852). Екінші орынға Мерей Руслан (1749) шықты – 7½ ұпай, үшінші орынды 7 ұпай жинаған Андрей Байскаков (0) алды. Көшбасшылар қатарына барлығы да турнирді 7 ұпаймен аяқтаған Құнанбай Сағнаев (1807), Сержан Сейтеш (1889), Айжан Асанова (1738), Владимир Табунщик (0) және Әділжан Мұқанов (1797) кірді.
Командалық есепте Ардагерлер кеңесінің шахматшылары жеңіске жетті.
Жеке номинацияларда үздік шыққан ойыншылар:
- Құнанбай Сағнаев – ардагерлердің арасындағы үздік;
- Айжан Асанова – әйелдердің арасындағы үздік;
- Руслан Мерей – қоғамдық кеңес мүшелерінің арасындағы үздік;
- Андрей Байскаков – мемлекеттік қызметкерлердің арасындағы үздік;
- Әділжан Мұқанов – БАҚ өкілдерінің арасындағы үздік.
Турнир шеңберінде халықаралық шебер (IM) және әйелдер арасындағы гроссмейстер (WGM) Меруерт Камалиденовамен бір мезгілдегі ойын сеансы өтті. Қазақстанның екі дүркін чемпионы, 2023 жылғы командалық әлем чемпионатының және 2024 жылғы Шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балаларына қарсы 14 партия ойнады.
Суретті түсірген: Руслан Мазунин
Жарыстың барысы
Алғашқы турдан бастап Виктор Журавлёв, Сергей Гутовский (1536) және Андрей Байскаков көшбасшылық үшін күресті. Бес турдан кейін олардың әрқайсысында 5 ұпайдан болды. Алтыншы турда Байскаков Гутовскийден басым түссе, жетінші турда жеңілмей келе жатқан Журавлёвтен ұтылды.
Соңғы турдың алдында 7½ ұпайы бар Журавлёв кестенің басында тұрды. Оны өкшелеп қуып келе жатқан қарсыластары – Байскаков, Мерей Руслан, Махамбет Есенғабылов (1828) пен Сұлтан Қожахметов (1774) жарты ұпай артта қалды. Финалдық турда Журавлёв басымдығын сақтап қалды да, жеңімпаз атанды.
Ал есту мүшесінің зақымы бар шахматшы Қожахметов бұл жеңілістен кейін 11-ші орынға ығысты. 2024 жылы ол есту мүшесінің зақымы бар шахматшылар арасындағы әлем чемпионатында күміс және қола жүлдегер атанып, сондай-ақ Азия чемпионаты мен Азия-Тынық мұхит ойындарында медальдарға ие болып, халықаралық жарыста табысқа жеткен болатын.
Суретті түсірген: Руслан Мазунин
Ендігі кезеңдер
Турнир ҚР Парламент Сенатының (жоғарғы палата) қамқорлығымен өтіп жатыр. Ұйымдастырушы – Қазақстан шахмат федерациясы. Турнирді өткізуге бастама көтерген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев болса, KazChess/ҚШФ президенті Тимур Турлов бұл идеяны қолдады. Турнир мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың, қоғам қайраткерлерінің, ардагерлер мен журналистердің арасында шахматты кеңінен таратуға, сондай-ақ KazChess/ҚШФ филиалдары мен жергілікті өкілді билік органдарының арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
2025 жылғы II «Senat Open» Ашық кубогы 21 ақпанда Түркістан мен Шымкентте өткен іріктеу турларынан басталды. Алғашқы екі кезеңге 200-ден астам шахматшы қатысты.
Іріктеу турнирлері жалғасып жатыр. Келесі кезеңдер 30 наурызда – Қарағанды қаласында және 31 наурызда Павлодарда өтеді. 18 мамырға дейін Қазақстанның барлық облыстары мен республикалық маңызы бар қалаларында барлығы 20 іріктеу турнирі өтеді. Жартылай финалдар 15 маусымнан 9 тамызға дейін өтеді, ал финалға қатысушылар 29 тамызда Астанада бас қосады.