Қазақстан үкіметі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын бақылауды күшейтеді

1782
Фотосурет: primeminister.kz

Үкіметте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұрақтандыру қорларында көкөністі сақтау жұмысын тиісті деңгейде атқармаған облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялады, деп хабарлайды DKnews.kz. 

ҚР Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің орташа баға индексі 0,2%-ды құрады, бұл 2025 жылдың басынан бергі ең төмен көрсеткіш. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасының орташа өсімі 3,4%-ды құрағанын, бірақ наурыз айының басынан бастап бағаның өсу динамикасы 0,4%-ға бәсеңдегенін атап өтті. Биылғы жылдың басынан бері ең жоғары баға өсімі картопқа (+19,3%), қырыққабатқа (+23,2%) және сиыр етіне (+9,0%) тиесілі. Сонымен қатар күріштің (-3,4%), жұмыртқаның (-2,1%) және ұнның (-0,3%) бағасы төмендегені байқалды.

«Бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе облысында (+0,8%), Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында (+0,5%), Жетісу облысында (+0,4%) тіркелді. Сонымен қатар Астана қаласында (-0,2%) және Батыс Қазақстан облысында (-0,1%) баға индексі төмендеді» Айжан Бижанова 

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өңірлердегі көкөніс қорларының босатылу барысы туралы хабарлады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, 12 наурыздағы жағдай бойынша әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) тұрақтандыру қорлары үшін келісімшарт жасаған картоп қоры 41,3 мың тоннаны құрайды. Алайда кейбір өңірлерде жүргізілген тексеру нәтижесінде мәлімделген көлем мен картоптың нақты қоры арасында айтарлықтай айырмашылық бар екені анықталды.

Маңғыстау облысында мәлімделген ӘКК-нің 2,5 мың тоннадан астамының тек 25 тоннасы ғана нақты расталды. Шығыс Қазақстан облысында мәлімделген ӘКК-нің 1,6 мың тоннадан астамының тек 35 тоннасы ғана болған. Атырау облысында мәлімделгені – 394 тонна, расталғаны – 110 тонна.

Абай облысында мәлімделгені 2,2 мың тоннадан астам, расталғаны 183 тонна. Жамбыл облысында мәлімделгені 2,6 мың тоннадан астам, тексеру нәтижесінде бар болғаны 308 тонна расталды. Ұлытау облысында ӘКК 1,8 мың тоннадан астам деп мәлімдегеннің нақты 827 тоннасы болған. Батыс Қазақстан облысында ӘКК мәлімдеген 2,3 мың тоннадан астамының 1,3 мың тоннасы расталды.

Анықталған кемшіліктер негізінде вице-премьер облыс әкімдерінің орынбасарларына картоп қорларының дұрыс бақыланбауына байланысты сөгіс жариялады. Серік Жұманғарин Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдағанын атап өтті. Мәселен, асыл тұқымды малдарды экспорттауға тыйым салынды, картопты үшінші елдерге экспорттауға алты айға шектеу енгізілді, импорттық тауық жұмыртқаларын әкелуге тыйым енгізіледі. Дегенмен, жергілікті атқарушы орган тарапынан тиісті бақылау болмаса, қабылданған шаралардың нәтижелері тиісті әсер бермейді.

Қазіргі уақытта Қазақстанға Пәкістан мен Қытайдан арзан бағадағы импорттық картоп жеткізу бойынша жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазірдің өзінде Сауда комитеті мен «KTZ EXPRESS» экономикалық операторымен бірге 4000 тонна астам картоп импортталды, тағы 700 тонна жолда.

Қосымша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Азық-түлік корпорациясы» АҚ бірлесіп көкөніс бағаларын тұрақтандыру үшін өзара іс-қимыл схемасын әзірледі. Бұл схема әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен «Азық-түлік корпорациясы» арасындағы өзара іс-қимыл арқылы өнім жеткізу және өндірушілерді қаржылық қолдау көрсету үшін қарастырылған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -