Мемлекеттік басқарудан медицинаға дейін: AlmatyFair.ai алдыңғы қатарлы AI шешімдерін ұсынады

2310
Фотосурет: primeminister.kz

28-30 наурыз аралығында Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект (AI) саласындағы ең ірі көрме өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл іс-шара жетекші IT-компаниялар, стартаптар мен AI саласының сарапшыларын біріктіретін бірегей алаң болмақ. Көрме бизнес, әзірлеушілер мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан кез келген адамға осы саладағы жетістіктермен танысып, тәжірибеде қолданылуын көру мүмкіндігін ұсынады.

AlmatyFair.ai жасанды интеллект бүгінде өндіріс, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай түрлендіріп жатқанын айшықтайды. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысып, IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобаларына арналған аймақтарды және стартаптар аллеясын тамашалай алады.

«Ұлттық құрылтайда Президент жасанды интеллект мемлекеттік процестердің тиімділігін арттырып, бюрократияны азайтатын, салық пен кеден әкімшілігін жүргізу мен мемлекеттік сатып алуларды ашық ететін тиімді құрал екенін атап өтті. Бірақ ол үшін бізге шетелдік шешімдерді пайдаланып қана қоймай, өз технологияларымызды дамыту қажет. Бұл мақсатқа жету үшін елімізде жасанды интеллектті қолдану мен дамытуға жағдай мен инфрақұрылым жасалып жатыр. Мұндай іс-шаралар жаңа технологияларды тартып, басқа елдермен тәжірибе алмасу үшін ұйымдастырылады» Жаслан Мәдиев

AlmatyFair.ai көрмесіндегі басты оқиғалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылып жатқан alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының таныстырылымы болмақ. alem.ai Қазақстан жасанды интеллект шешімдерінің экспортын 2029 жылға дейін $5 млрд дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Орталық жасанды интеллект саласындағы мыңдаған маманды оқытуға, стартаптарды іске қосуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге ықпал етеді.

Кадрлар даярлау және адам капиталын дамыту мақсатында Қазақстан 5 жыл ішінде 1 миллион адамды оқытуды жоспарлап отыр. Осы бастама аясында 2024 жылдың қазан айында Astana Hub өңірдегі алғашқы жасанды интеллект мектебі – Tomorrow School-ды іске қосты. Бұл мектеп AI саласындағы мамандарды даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, көрме алаңында стратегиялық меморандумдарға қол қою жоспарланған, соның ішінде Қазақстанда Орталық Азиядағы алғашқы TUMO креативті технологиялар білім беру орталығын құру жөнінде TUMO Ventures компаниясымен келісім жасалады. Халықаралық TUMO желісіне кіретін бұл орталық мектеп оқушыларына озық цифрлық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік беріп, елдегі технологиялық білім беруді дамытудағы маңызды қадам болмақ.

AlmatyFair.ai-де Central Asian Innovation Hubs қызметі ұсынылады. Бұл – Орталық Азияның ірі технопарктері альянсы. 2024 жылы Astana Hub пен IT Park Uzbekistan аталған бренд аясында стартап-экожүйені дамытып,  инновацияларды жаһандық деңгейде ілгерілету үшін күш біріктірді. Ынтымақтастық аясында екі елден 39 стартап INMerge Innovation Summit, Web Summit 2024 және TechCrunch Disrupt 2024 алаңдарында таныстырылды. Бұл серіктестік өңірлік бірегейлікті нығайтып, инновациялық бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады.

Көрме аясында болашағы зор AI-стартаптар арасындағы питч-баттл – AI Startup Showdown өтеді. Мұнда командалар өз шешімдерін ұсынып, жүлде қоры үшін жарысқа түседі. Панельдік пікірталастарда технологиялардың дағдыларды дамытудағы әсері, цифрлық дәуірдегі сын-қатерлер, жасанды интеллекттің келуімен мамандықтардың өзгеруі және әйелдердің AI саласындағы жаңа мүмкіндіктері талқыланады. Сонымен қатар ұлттық стратегия (GenNation), мемлекеттік инновациялар (GovTech Accelerator) және «ақылды қала» тұжырымдамасы (AI & Smart City) мәселелері қарастырылады. Бизнес-блокта жасанды интеллектті енгізу, венчурлық инвестициялар, инновациялық хабтар арқылы жаһандық экспансия мен ицифрлық көшпенділердің болашағы туралы сөз қозғалады.

AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырады. Көрменің бас демеушісі – Kaspi.kz, ал ресми серіктестері – Freedom Bank пен Halyk Bank.

Көрме Алматыдағы ірі алаңдардың бірі — «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді. Бағдарлама мен толық ақпарат AlmatyFair.ai сайтында қолжетімді, ал көрмеге қатысу үшін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -