Павлодардағы жұлдыздар: балет және Мария Мудряктың әдемі дауысы

3047
Фотосурет: «Астана Балет» театрының PR қызметі

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, 2025 жылғы 17-19 наурыз аралығында «Астана Балет» театры гастрольдік сапармен Павлодарда өнер көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл іс-шара балет, симфониялық және опера өнерін бір арнаға үйлесімді үйлестіре білген аймақтың айтулы мәдени құбылысына айналды.

Елордалық театр павлодарлық көрермен қауымға өнердің ерекше синергиясын құра отырып, түрлі жанрлар мен стильдерді үйлестірген бірегей бағдарламасын паш етті. Әр спектакль көрерменді шынайы классика атмосферасына бөлеп, балет өнерінің эстетикалық ғана емес, эмоционалды тереңдігін де аша білді.

17-18 наурызда, екі күн бойы Естай атындағы Мәдениет сарайының сахнасында Бизе-Щедриннің әйгілі «Кармен-сюита» балеті көрсетілді. Аңызға айналған бұл қойылым алғаш рет 60 жыл бұрын Үлкен театр сахнасында, содан кейін Гаванадағы Куба ұлттық балетінің сахнасында көрсетілген болатын. Жорж Бизенің әйгілі «Кармен» операсының хореографиялық интерпретациясы Майя Плисецкая үшін арнайы жасалған еді.

Балет Проспер Мерименің осы аттас новелласына негізделген. Либретто мен хореография авторы кубалық балетмейстер Альберто Алонсо, ал қойылымды жүзеге асырған Тимофей Лавренюк. Жорж Бизе операсына негізделген Родион Щедриннің музыкалық транскрипциясы ерекше шеберлікпен орындалды. Онда композицияның шеберлігі мен Бизе музыкасына, Мерименің әдеби шығармасына тән нәзік психологиялық реңктер органикалық түрде үйлесім тапқан.

Осы күні «Кармен-сюита» әлемдік балеттің нағыз жауһары саналады. Албырт, еркіндікті сүйетін Кармен рөлі көптеген көрнекті балериналар үшін мансаптың шыңы ретінде бағаланады. «Астана Балет» әртістері осы шығарманың драмасын, экспрессиясы мен тереңдігін жеткізіп, Павлодар жұртшылығының қошеметіне бөленді.

Бағдарламаның екінші бөлімінде көрермен қауым жас әрі дарынды балетмейстер Айнұр Әбілғазинаның Петр Чайковский музыкасына қойылған «Триумф» бір актілі балетін тамашалады.

Бұл хореографиялық спектакль классикалық балет өнерін мадақтаған дастан деуге тұрарлық дүние. Ұлылық, әсемдік, нәзіктік пен шырқау биіктік тұтасып, классикалық балет ғаламатымен толысқан бұл қойылым осы биік өнердің ғаламатын дәріптегендей. «Триумф» балеті бағдарламаның шарқау биігіне айналып, балет өнерін сүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырды.

19 наурызда «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Павлодар қаласының тумасы, дүниежүзілік опера жұлдызы Мария Мудряктың концертімен гастрольдік сапардың шымылдығы жабылды.

Осы кеште көрермен қауым операның сан қырлы әлеміне қадам басты. Мария Мудряктың орындауында итальялық опера жауһарлары, аустриялық опереттаның романтикалық туындылары мен испан сарсуэласының албырт әуендері орындалды.

«Туып-өскен өлкем, туған қалам Павлодарда концерт беру мүмкіндігі туғанына өте қуаныштымын. Сондай-ақ, «Астана Балет» театрына, олардың көрнекті симфониялық оркестрімен бірге өнер көрсетуге тағы бір мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіргім келеді» Мария Мудряк

«Астана Балет» театрының Павлодардағы гастрольдік сапары осы өңірдің мәдени тынысын кеңейткен жарқын оқиға болғаны сөзсіз. Балеттің нәзік пластикасы, музыка сиқыры мен опера өнері көрермен қауымға ұмытылмас эмоциялар сыйлағаны аян. Бұл бағдарлама классикалық өнердің әрдайым биікте самғап, көрерменді өзінің сұлулығымен және кемелділігімен шабыттандырып, қуантатынын тағы бір дәлелдеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -