Астана қаласының Байқоңыр ауданындағы С.Торайғыров көшесі, 2,4 үйдің тұрғындары Наурыз мейрамын өз ауласындағы гүлзарда екі күн қатарынан ұйымшылдықпен тойлады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылардың бірі әрі осы үйдің тұрғыны Жанболат Зиятұлының айтуынша, аталған гүлзардың орнында ескі, сүруге кететін үйлер болған. Соны былтыр әкімдік тазалап, орнына осы қоғамдық кеңістікті салып берген. Гүлзарда тұрғындар демалатын орындықтар, футбол, волейбол ойлайтын алаң бар. Соған ризашылық білдірген халық гүлзарда осымен екінші рет мерекені өздері ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Гүлзар былтыр Республика күнінде пайдалануға берілді. Содан бастап бізде осындай үлкен іс-шаралар өткізу дәстүрге айналып келеді. Бүгін де міне Ұлыстың ұлы күні Наурызды С.Торайғыров көшесі 2,4 үйдің тұрғындары бір ауыздан атап өтіп жатырмыз. Бұған Байқоңыр ауданы әкімдігі қолдау білдіруде. Олар міне бізге киіз үй тігіп берді, өнерпаздарға сый-сияпатын әкелді. Екі үйде 300-ден астам пәтер иелері бар. Соларға ортақ мереке өте жоғары деңгейде өтіп жатыр», – дейді белсенді тұрғын.
Үй тұрғындары өздері дастархан жайып, ұлттық тағамдар дайындап әкелген. Олардың өнерлі балалары мен немерелері ойындар мен концерттік бағдарламаға белсенді қатысуда. 21 наурызда барлық спорттық іс-шаралар қамтылса, екінші күнінде мәдени жағына басымдық берілді.
Еске салайық, 14 наурыз күні басталған «Наурызнаманың» онкүндігі аясында Астанада көктемнің ұлық мерекесіне арналған 200-ден астам мерекелік іс-шара – концерттер, көрмелер, қойылымдар мен фестивальдар өтіп жатыр.