Алматыда жол қозғалысы қауіпсіздігін қолдау мақсатында мотопарад өтті

5104
Фотосурет: Gov

23 наурызда еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған "Менің қауіпсіздігім – менің қолымда" атты кең ауқымды науқан ұйымдастырылды.

Шара Алматы қалалық полиция департаментінің, қала әкімдігінің және JET, WHOOSH, Яндекс шеринг-компаниялары мен мотоцикл мектебінің қолдауымен өткізілді.

Алматы – күн сайын жолдарымен миллионнан астам автокөлік жүретін заманауи мегаполис. Қала ішіндегі және қала сырты бағытындағы көлік қозғалысының қарқынына байланысты жол қауіпсіздігі мен жол ережелерін сақтау – қала үшін маңызды басымдықтардың бірі.

Науқан барысында қатысушылар мотоциклдер шеруін және "Жас сақшы" сыныптары мен жас жол инспекторларының салтанатты шеруін тамашалады. Аталған іс-шаралар қоғам назарын жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығына және балалар мен жастар арасында жолда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға аударды.

Сонымен қатар шара аясында арнайы оқу-жиындар ұйымдастырылып, онда мамандар электросамокаттар мен мопедтерді қауіпсіз жүргізу ережелері мен осы көлік түрлерін пайдаланушыларға қойылатын талаптар туралы жан-жақты түсіндірді.

Қатысушылар мен қала тұрғындары үшін сұрақ-жауап алаңы, тақырыптық ойындар, флешмобтар өткізілді. Сонымен қатар шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігіне арналған бұл бастаманы қолдауға танымал қазақстандық әртістер де келді.

Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров іс-шараның маңыздылығына тоқталды.

Мұндай ауқымды іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және барлық қатысушылар – жүргізушілер, жаяу жүргіншілер мен жеке көлік құралын пайдаланушылар арасында жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Барша қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз Арыстанғани Заппаров

Үміткүл Нұр


«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -