ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Бурабай ауданының прокуратурасымен бірлесіп, құны 5 миллиард теңгеден асатын жобаны іске асыруға «Минеральные источники» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құқықтарын қорғады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұған дейін өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен жоба Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілген. Алайда, кәсіпкер жергілікті әкімдікке бөтелкедегі ауыз су өндіретін зауыт салу үшін жер учаскелерін алуға жүгінген кезде мемлекеттік қызмет көрсету және жобаларды Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізу тәртібін реттейтін қағидалар арасындағы қайшылықтарға байланысты, сондай-ақ объектіні инвестициялық деп тану туралы шешімнің қажеттілігіне байланысты бірнеше рет бас тартуларға тап болды.
«Ақпараттық жүйелерде қашықтықтан мониторинг арқылы материалдарды зерделеу барысында құрылыс Бірыңғай индустрияландыру картасына енгізілгендіктен жобаны инвестициялық деп тану туралы әкімдіктің бөлек шешімі талап етілмейтіні анықталды» - деп мәлімдеді Департамент басшысы Думан Әбілев.
Осыған байланысты мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартулар негізсіз деп танылып, жергілікті атқарушы органның атына Департамент пен прокуратура ден қою актілерін енгізді. Мәселе нормативтік құқықтық актілердегі қайшылықтарды жою бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін Мемлекеттік қызметтер көрсету сұрақтары жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралды.
Нәтижесінде, кәсіпкердің құқықтары өнеркәсіптік-инновациялық жобаны іске асыру үшін ауданы 7 гектар жер учаскелерінің берілуі арқылы қалпына келтірілді.