28–30 наурыз аралығында өтетін жасанды интеллект саласындағы ауқымды көрме – AlmatyFair.ai аясында қазақстандық болашағы зор AI-стартаптар арасында AI Startup Showdown атты питч-баттл ұйымдастырылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Стартаптар инновациялық шешімдерін ұсынып, жалпы жүлде қоры 10 000 АҚШ долларын және Кремний алқабындағы Hero Training (АҚШ) акселерация бағдарламасына қатысу мүмкіндігін ұту үшін бақ сынайды.
Фотосурет: ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі
Соңғы жылдары әлем бойынша жасанды интеллектке негізделген шешімдерге сұраныс күрт артса, Қазақстан жаһандық технологиялық картада өз орнын нықтап келеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын құру. Аталған орталықтың көмегімен Қазақстан 2029 жылға дейін AI-шешімдерінің экспортын $5 млрд дейін арттырып, бизнес пен таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашуды көздеп отыр. alem.ai мыңдаған AI-маман даярлауға, жаңа стартаптар құруға және жасанды интеллект саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға жол ашады.
AI Startup Showdown-ға қатысу – тек жүлде ұтып алу емес. Бұл – стартапты таныстыру, халықаралық деңгейге шығу, инвестиция тарту, стратегиялық серіктестер табу және жетекші AI-сарапшылардан құнды кеңес алудың бірегей мүмкіндігі.
Биылғы баттлға жасанды интеллектке негізделген шешімдер әзірлейтін 13 болашағы зор стартап қатысады: flection.ai, Bizdin.ai, RE:Create AI, KOZ AI, Finflow, Foody.AI, Qala AI, redflags.ai, Protector AI, WeGlobal.ai, Pleep, KikoAI және OncoZero.AI. Олар денсаулық сақтау, қаржы, логистика мен білім беру салаларына маманданған жобаларын ұсынады. Қатысушылардың жұмысын табысты AI-компаниялардың негізін қалаушылар мен саланың жетекші сарапшылары бағалап, оларға тәжірибеге негізделген пікірлер мен ұсынымдар береді.
Еске салсақ, 28-30 наурыз аралығында Алматыда AlmatyFair.ai атты жасанды интеллект саласындағы ең ірі көрме өтеді. Бұл іс-шара жетекші IT-компаниялар, стартаптар мен AI-сарапшыларын біріктіретін бірегей алаң болмақ. Көрме бизнес, әзірлеушілер мен жасанды интеллектке қызығушылық танытқан кез келген адамға осы саладағы жетістіктермен танысып, тәжірибеде қолданылуын көру мүмкіндігін ұсынады.
AlmatyFair.ai жасанды интеллект бүгінде өндіріс, қаржы, мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын қалай түрлендіріп жатқанын айшықтайды. Қонақтар GovTech, BigTech, Smart City бағыттарындағы озық шешімдермен танысып, IT-компанияларға, өндірістік инновацияларға, білім беру жобаларына арналған аймақтарды және стартаптар аллеясын тамашалай алады.
AlmatyFair.ai көрмесін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Алматы қаласы әкімдігі ұйымдастырады. Көрменің бас демеушісі – Kaspi.kz, ал ресми серіктестері – Freedom Bank пен Halyk Bank.
Көрме Алматыдағы ірі алаңдардың бірі — «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өтеді. Бағдарлама мен толық ақпарат AlmatyFair.ai сайтында қолжетімді, ал көрмеге қатысу үшін мына сілтеме арқылы тіркелуге болады.