Құрлық әскерлері "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының іріктеуден өткен 170-тен астам әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Елордадағы Қазақ елі алаңында өтетін шеруде Ақтау гарнизонында қызмет өткеріп жатқан офицерлер, сержанттар және мерзімді қызметтің 160 сарбазы салтанатты сап түземек.
Парадқа қатысушылар бар жағынан мұқият іріктеуден өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Өйткені, әскери шеру – бейбітшілік үшін өз жандарын құрбан еткен батырларға деген құрмет Деп атап өтті теңіз жаяу әскері бригадасы командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары майор Берік Алманиязов
Салтанатты қарсы алудан кейін теңіз жаяу әскері уақытша орналасатын жерге жеткізілді.
Айта кету керек, Жеңіс шеруіне дайындық барынша ұйымшылдықты, тәртіпті және жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Биыл оған Қарулы күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың 4000-нан аса әскери қызметшісі қатысады. Оның ішінде 200-ден астам әскери қызметші әйел бар.
Парадқа 200-ден аса әскери техника мен авиация қатысады.