Алматыда ұландықтар бейбіт күннің батырымен кездесті

4587
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Алматы әуежайында болған оқыс оқиғада әйел адамды қауіптен құтқарып қалған Мұса Әбдірайым ұландықтарға кездесуге келді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Адам өміріне араша түсіп, қауіпті жағдайда көрсеткен оның ерлігі мен жанқиярлығын Мемлекет басшысының өзі жоғары бағалаған еді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Талапкер Амриев:

-  Елдің ішкі тыныштығы мен құқықтық тәртібін күзететін ұландық жауынгерлер үшін Мұса Сайранбайұлының қоғамдық тәртіпті қорғауда көрсеткен жігерлі іс-қимылы үлгі болары сөзсіз. Осындай азаматтардың бейнесі жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге оң ықпал етеді, - деп азаматтың іс-әрекетінің қоғамдағы рөлін атап көрсетті.

Сондай-ақ, қолбасшы қиын жағдайда батылдық танытып, адам өмірін қорғауда нағыз азаматтық ұстаным мен қайтпас қайсарлық көрсеткені үшін Мұса Әбдірайымды «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгісімен марапаттады.

Бұдан кейін оны Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы күтіп алды. Сарбаздармен сүбелі сұхбат жүргізген Мұса Сайранбайұлы өзін батыр санамайтынын, бұл әрекет өзінің азаматтық ұстанымын көрсететінін, кез келген ер-азамат қауіпті жағдайда батыл іс-әрекет жасап, адам өміріне қолдан келгенше араша түсуі керек деп ойлайтынын айтты.

Ұландықтар Мұса Әбдірайымға алғыс білдіріп, Ұлттық ұлан батырларының ерліктері туралы түсірілген фильмдер топтамасын тарту етті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -