Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығында 2024 жылдың қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар мен ғылыми орталықтардың рейтингі құрылды. Еліміздің үздік медициналық мекемелерінің қатарына екі қарағандылық аурухана да кірді, деп хабарлайды DKnews.kz.
№ 1 Қарағанды көпсалалы ауруханасы мен көпсалалы балалар ауруханасы республикадағы ересектер мен балалар стационарларының қатарында.
Барлығы 722 жеке және мемлекеттік медициналық мекемелер бағаланды. Еліміздің барлық өңірлеріндегі ауруханалар сыналды.
Үздіктер тоғыз санат бойынша таңдалды: ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар; ересектер көп бейінді стационарлары (облыстық және қалалық); балалар көп бейінді стационарлары (облыстық және қалалық); босандыру ұйымдары (перзентханалар немесе перинаталдық орталықтар); МСАК көрсететін медициналық ұйымдар; онкологиялық орталықтар мен диспансерлер; туберкулезге қарсы диспансерлер және фтизиопульмонология орталықтары; психикалық денсаулық орталықтары; аудандық ауруханалар (орталық және ауданаралық).
Рейтингті құру кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған 14 клиникалық индикатор ескерілді. Олардың ішінде: штаттың жасақталуы, медициналық жабдықтардың тозуы, ғимараттар және басқалары.
Сондай-ақ, медициналық мекемеге пациенттерден келіп түскен негізделген шағымдардың санына назар аударылды.