Алматы қаласындағы № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдары рейтингінде көпбейінді балалар стационарларының арасында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды DKnews.kz.
722 медициналық ұйымның арасында рейтингтік бағалау қорытындысын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Салидат Қайырбекова атындағы ҰҒДСДО қорытындылады.
Бағалау кезінде 14 клиникалық индикатор, аккредиттеу туралы мәліметтер және негізделген шағымдар саны ескерілді.
№2 БҚКА жетістіктері балаларға мамандандырылған медициналық көмек көрсету саласында медициналық көмек көрсетудің жоғары деңгейін көрсетеді.
Бүгінгі таңда ауруханада мамандандырылған бөлімшелер, стационарлық көмек көрсететін бейіндер кіретін 285 төсек ашылған. Клиника көпбейінді болып табылады, онда соматикалық және хирургиялық бейіндегі барлық дерлік педиатриялық бағыттар шоғырланған.
№2 БҚКА-да қалада балалар гематологиясы, балалар эндокринологиясы бойынша жалғыз бөлімше, бронх-өкпе дисплазиясы бар балалармен айналысатын жалғыз бөлімше жұмыс істейді.
Көпбейінді клиникада бүгінде 690 қызметкер, оның ішінде 137 дәрігер жұмыс істейді, оның 8-і Алматы қаласының бас штаттан тыс балалар мамандары болып табылады. Клиника қызметкерлері жақын және алыс шетелдердің жетекші емдеу орталықтарында үнемі біліктілігін арттырып отырады.
Алматы қаласының № 2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы бірқатар бейіндер бойынша іс жүзінде республикалық рөл атқарады, емханаға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген пациенттер барады. Тәулік сайын шұғыл түрде 300-ге жуық бала әртүрлі аурулармен, жарақаттармен және іштің ауырсынуымен қабылдау бөлмшесіне жүгінеді. Бір жылдың ішінде қабылдау бөлімшесіне 80 000-ға жуық пациент жүгінеді, олардың 14 000-ға жуығы емдеуге жатқызылады.
Клиникада нейрохирургия, травматология, хирургия бойынша медициналық ғылымның жаңа жетістіктерін, әлемдік стандарттарға сәйкес келетін жоғары деңгейлі жабдықтарды қолдана отырып, соңғы инновациялық технологияларды енгізе отырып, бірегей операциялар жүргізіледі.