Семей қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының Кубогына қазақша күрестен жеке және командалық чемпионат өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жарыс 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің 17 жауынгерін еске алуға арналды. Ашылу салтанатында қатысушылар оларды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Біз үшін антқа адал болып, шетелде ерлікпен қаза тапқан жауынгерлердің есімін есте сақтау маңызды. Осыған орай, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері арасында ұлттық спортты жандандыру және насихаттау мақсатында еске алу турнирін өткізіп отырмыз Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Бауыржан Әбжанов
Чемпионаттың бас төрешісі полковник Руслан Жақыпековтың айтуынша, биыл біріншілікке жеті команда қатысқан. Атап айтқанда, "Оңтүстік", "Орталық", "Батыс", "Шығыс" өңірлік қолбасшылықтарының, Ұлттық ұлан Академиясының, 6654 және 5573 әскери бөлімдерінің құрама командалары бақ сынады.
– Чемпионат өте жоғары деңгейде өтті, онда әлемдік ареналарда өнер көрсететін спортшылар қатысты. Чемпионат дәстүрлі негізде екінші жыл өткізілуде, - деді бас төреші.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді генерал-майор Бауыржан Әбжанов, қазақша күрестен Қазақстан чемпионы, самбодан және ұлттық күрестен ауыр салмақтағы халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айбек Нұғымаров, сондай-ақ қазақша күрестен, Дзюдодан және самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерасыл Қажыбаев пен басқа да құрметті қонақтар марапаттады.
Екі күндік чемпионатн қорытындысы бойынша командалық есепте 5573 әскери бөлімінің командасы бірінші орынды, Ұлттық ұлан академиясының командасы екінші орынды жеңіп алды. Ал "Оңтүстік"өңірлік қолбасшылығының құрамасы үшінші орынды иеленді.
Жүлдегерлер Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Аңсаған Балтабековтың атынан медальдармен, кубоктармен және төсбелгілермен марапатталды, сондай-ақ қалалық әкімдік өкілдерінен ақшалай сыйлықтар алды.