Биылғы жылы еліміздің оңтүстік жеті өңірінде өрт қауіпті маусым 26 наурыздан басталды: Алматы қ., Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстары, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қалған өңірлерде өрт қауіпті маусым 14 сәуірден басталады.
Өрт қауіпті кезеңге дайындық шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп Өрт қауіпті маусымда орман және дала өрттерінің туындау тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Өңірлерде өрт қауіпті кезеңнен қауіпсіз өтуге бағытталған алдын алу іс-шаралары басталды. Ауа температурасының күтілетін жоғарылауы және құрғақ шөптің көп мөлшері табиғи өрттердің пайда болу және таралу қаупін арттырады.
Сенбіліктерді өткізу, үй маңындағы аумақтарды, бақша және саяжай учаскелерін тазарту кезінде ерекше сақ болыңыз. Сөндірілмеген сіріңкелерді, темекі тұқылдарын, өздігінен жанатын заттарды тастамаңыз. Балаларға өрт қауіпсіздігі ережелері мен өрт ойындарының қауіптілігі туралы айтыңыз.
«Қауіпсіздік әркімнің жауапкершілігіне байланысты. Сақтық пен қырағылық – табиғат пен адамдардың өмірін қорғаудың кепілі»,- Төтенше жағдайлар министрлігі.
Осыған байланысты ТЖМ азаматтарды ашық отты пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі шараларын қатаң сақтауға шақырады. Егер өрт белгілері анықталса, 101 немесе 112 нөміріне хабарлаңыз.