Арқасын Алатауға тосқан ұландықтар

6402
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Еліміздегі ең үлкен мегаполистің мамыражай тіршілігін күзету, қиын сәтте тұрғындардың жанынан табылу оңай міндет емес. Осындай үлкен жауапкершілікті Алматы қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің жауынгерлері мүлтіксіз атқарып жүр. Жыл басынан бері сарбаздар  жауынгерлік қызмет барысында 36 құқық бұзушыны анықтады. Олардың ішіндегі 8 адамның түрлі қылмысқа қатысы бары белгілі болды. Бұл әскерилердің қырағылығы мен жауаптылығын аңғартқан нәтижелер.

Десе де, бұл көрсеткіштер былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аз. Былтыр бұл уақытта 41 заң бұзушы ұсталған. Әрине, мұндай деректерді естігенде қуанасың. Мұның басты себебі – Алматы қаласында қылмыстың азаюы болса керек. Бірақ солай екен деп арқаны кеңге салып отыра беруге де болмайды. Мұны алып шаһардың тыныштығын қорыған Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 бригадасының әскери қызметшілері жақсы түсінеді.

«Күн сайын мәдени астанада патрульдік-бекет қызметін атқару үшін   600-ден астам әскери қызметші бөлінеді, оның ішінде 176 жеке, 30 бірлескен және 6 автомобильдік патрульдеу бағыты бар. Биылғы үш айда 36 құқықбұзушы құрықталды. Олардың ішінде 296 бап пен 188 бапты бұзғандар кезігеді. Бір айта кететін жайт, 2025 жылдың 1 тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда көше қылмыстарының төмендеуі байқалды. Бұл көрсеткіш Алматы қаласы бойынша  – 15 %. Жыл басынан бері қоғамдық саяси және мәдени-көпшілік іс-шараларды қамтамасыз етуге жеке құрам 3 рет тартылды.

Бөлімшелер жеке құрамды қоғамдық тәртпіпті сақтау қызметіне пайдалану жоспарларына сәйкес уақытылы ІІО жіберіліп отырады. Патрульдік бекет қызметін атқару үшін жеке құрамның қызметке шығу нормасы төмендеген жоқ. Жауынгерлеріміз қызметке аптасына 4 рет, әрқайсысы 6 сағаттан жіберіліп отыр», - деді әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Ұлықбек Қараев.

Бүгінде 5571 әскери бөлімінің жеке құрамы Алматы қаласының 8 ауданында қызмет атқарады. Олардың арасында кеше ғана мектеп бітірген бозбалалар мен қатарынан қалыңқырап болса да Отан қорғауға бел буған сарбаздар жүр. Әрқайсысы иығына қандай жүк артылғанын жақсы біледі. Бұл туралы 2015 жылдан бері Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп келе жатқан әскери жасақ бойынша кезекші 1 жедел мақсаттағы батальон командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары капитан Бақытжан Момбиев айтып берді.

«Біздің батальоннан құралған әскери жасақтар қаланың екі ауданындағы тыныштықты қадағалайды. Сарбаздарымыз шаһардағы қылмыстың санын азайтуға сөзсіз әсер етеді. Себебі, кез келген жерде бөгде пиғыл, жаман ниет танытқан адамдар жауынгерлерді көріп тайсақтайды, райынан қайтады. Тіпті кейбірі қуыстанғаны соншалық өзінің әлдебір іске күдікті екенін де аңғартып қалады. Мұндайды қырағы ұландықтар қалт жібермейді, - деді Бақытжан Ахметұлы.

Оның айтуынша, қаладағы ұрлық-қарлықтан бөлек, нашақорлықпен күрес те белсенді жүргізіліп жатыр. Мәселен, бүгінде зиянды затты таратудың да жолдары түрленіп кеткен. Сондықтан олар арнайы күрес жүргізеді.

«Бұрын есірткі таратушылар геолокацияны қолданатын. Ал қазір QR кодтың көмегіне жүгінетін болыпты. Мұның да әдісі қарапайым: есірткі жасырылған жер жайлы ақпаратты QR кодқа енгізіп, қабырғаға іліп кете салады. Мысалы, онда есірткіні осы жерден 5 метр әрі жүрсең таба аласың дегендей ақпарат болады. Міне, біз осыларды «клиенттен» бұрын анықтап, әлгі жерді заңды түрде залалсыздандыратын кездеріміз де болады. Мұндай жарнаманы көрген әскери жасақ бастығы әскери топ бастығына немесе әскери жасақ кезекшісіне хабарлайды. Олар сол жерге келіп, ұялы телефонның көмегімен ақпараттың шынайылығын тексереді. Егер расталса, полиция қызметкерлерін шақырамыз», - деді офицер.

Бұл да болса, қоғам игілігі үшін жасалып жатқан іс-шара. Жалпы Ұлттық ұлан халық арасында қауіпсіздіктің қалқаны іспетті рөлге ие. Сондықтан елдің сенімін ақтап, сол сенімге селкеу түсірмеу әр сарбаздың міндеті. Аты аңызға айналған батырдың есімі берілген бригада жауынгерлері мұны анық түсінеді. Түсініп қана қоймай, жүрегімен ұғына біледі. Сол себепті де қалың қар жамылған тау етегінде 6 сағат бойы жауынгерлік қызмет атқарған кезде шаршағандарын да білдірмейді. Сондай сарбаздардың бірі – Санжар Қожамұратов. Құқықтық тәртіп әскері қатарында қызмет етіп жүрген сарбаз рұқсат етілмеген затты қолдану мен заңның шеңберінен шығудың қалай болатынын мектеп қабырғасында жүріп-ақ ұққан.

«Оқушы кезімізде сыныптастарым мектептің спорт залындағы киім ауыстыратын бөлмеде тығылып, қор-қор тартқан екен. Үлкендердің бірі олардың үстінен түссе керек, ауылдың учаскелік полициясын шақырып, біраз шу болған.  Тіпті «мектептен шығарып, қамауға алынады» деген де әңгіме тарады. Сол кезде бір сес-
кеніп қалғаным бар еді. Сондықтан кей нәрсенің шекарасын бұзбағанды жөн көремін. Ең қызығы – өзім әскери борышымды заң мен тәртіптің сақталуын қадағалайтын күштік құрылымда өтеп жатқаным», - деді Қызылорда облысынан келген қатардағы Санжар Қожамұратов.

Бұл – азғантай уақыт ішінде әскери тәртіп пен жауынгерлік қызметтің қыр-сырын меңгеріп үлгерген сарбаздың бүкпесіз айтқан ойы. Оның өзге қаруластары да әр адамның өмірі азаматтық ар-ұждан шеңебері мен заң аясынан аспағаны жөн деп есептейді. Өйткені, қауіпсіз қоғам осындай талапқа мойнсұнған азаматтар көп кезде ғана өміршең болады.

«Бала күнімнен арақ ішіп, әркімнің берекесін алатын адамдарды суқаным сүймейді. Мұның себебі де жоқ емес. Бірде күн қарайып, кеш түскен шақта үйге бара жатып, ащы суға сылқия тойып алған адаммен ұшырасып қалдым. Жай өтіп кету мүмкін болмады. Бейәдеп сөздер айтып, жолымды кес-кестеп қоймай қойды. Өзімше сабыр сақтап, үн-түнсіз өте шықпақ болған едім. Кенет әлгі адам маған жұдырық ала жүгірді. Баламын ғой... Таяқ жеп, орайы келгенде қашып кеттім. Бірақ сол уақыттан бастап араққа, арақ ішкен адамға деген ыза пайда болды. Әрине, біреуге ызалану жақсы емесін түсініп алдым. Бірақ әлгіндей әлі келетінге әлімжеттік жасайтындармен күрес жүргізуге өзімше бел буған жайым бар. Әскер қатарына келіп, сол мүмкіндікке заңды түрде қол жеткізгеніме қуанып жүрмін. Мен енді кеткен есемді қайтару үшін емес, қорғансыз жас-өспірімдерді қауіп-қатерден заңның күшімен қорғаймын», - деді Оралдан келген қатардағы Әлішер Захаров.

Міне, бұл – кеудесіне елдік пен ерліктің дәні ұялаған Ұлттық ұлан жауынгерлері айтқан сөз. Біздің бұл сөзге басқа алып қосарымыз жоқ. Сертіне адал сарбаздар Алатаудың етегін жайлаған жұртқа, дүйім қазақ еліне қызмет етуден аянбасы анық. Бастысы – жұртының мамыражай өмірін мінсіз қорғап жүрген сарбаздарға сәттілік серік болсын. Аман болсын!

Қатардағы

Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

Астана – Алматы - Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -