Биыл Пшихавр шатқалындағы шайқастың болғанына 30 жыл толды.
Ол тәуелсіз Қазақстан әскері тарихындағы ең ауыр, әрі қасіретке толы кезең еді. Жыл сайын қыршынынан қиылған бұрынғы Ішкі іскердің 17 жауынгерін еске аламыз. Бұл – сол шайқаста шейіт болған сарбаздарымызға деген тағзым, ал қанды-қасаптан тірі шыққандарға деген құрметіміз. Газеттің бүгінгі санында әйгілі 7-ші ротада командирдің орынбасары болған запастағы подполковник Нұржан Байбосыновпен әңгімелескен едік.
– Нұржан Сейтханұлы, әңгімемізді сіздің бала күніңізден бастасақ...
– Мен 1964 жылы 30 маусымда бұрынғы Шымкент облысының Ленгір ауданындағы Георгиевка селосында көп балалы отбасында дүниеге келіппін. Осы ауылдағы орта мектептің табалдырығын аттап, мекепті 1981 жылы тәмамдадым. 1982 жылға дейін бір кездері әкемнің шешімімен біраз уақыт тұрған Куюк совхозына қайта барып, фермада жұмысшы болып еңбек еттім. 1983-1985 жылдары әскер қатарына шақырылдым, ал әскерден кейін 1986 жылы Шымкент қаласындағы кәсіптік техникалық училищесінде дәнекерлеуші мамандығын игеріп, сол жылдың соңынан бастап «Шымкентшина» зауытында жұмыс істедім.
– Ал әскери өмірге қалай бет бұрдыңыз?
– Әскери ортаға екінші рет 1987 жылы тап болдым. Қайтадан әскер қатарына шақырылып, 93445 әскери бөліміне прапорщик шенімен жіберілдім. Бұл бөлімде мен Қару-жарақ сақтау бөлімшесінде техникалық қызмет атқардым. 1991 жылдың қазан айында Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөліміне ауыстырылдым. Сол жерде қару-жарақ сақтау қоймасының бастығы болып қызмет еттім. 1993 жылы Ташкент қаласындағы Жоғарғы әскери техникалық училищесіне офицерлерді дайындау курсына оқуға жіберілдім. Осы курсты лейтенант шенімен аяқтап, кейін 5485 әскери бөлімінде қару-жарақ жөндеу шеберханасының бастығы әрі патрульді автокөліктердің взвод командирі болдым. Сонымен қатар, 1991-1998 жылдар аралығында Шымкент қаласында үкімет және қала тарапынан өткізілген қоғамдық тәртіп сақтау іс-шараларына қатыстым. 1993 жылдан бастап 1998 жылға дейін 5485 әскери бөліміне Тәжік-ауған шекарасын қорғау бойынша тапсырмалар жүктелді. 1994, 1995, 1996 жылдары Тәжік-ауған шекарасында қызмет еттім. Осы жылдары болған қақтығыстар мен қиындықтар ерекше есте қалды.
– Жат жерге жауынгерлік қызмет атқаруға не түрткі болғанын сол кездері түсіне алдыңыз ба?
– 1992 жылы Тәжікстанның исламдық қайта өрлеу партиясы, Тәжікстанның демократия партиясы және «Растохез» (Қайта өрлеу) оппозиция күштері мен қозғалыстары құрылды. Осы кезеңде Тәжікстанның басшысы Р. Нәбиевтің жақтастары мен жоғарыда аталып өткен оппозиция күштері арасында келіспеушіліктермен қақтығыстар басталды. Екі жақтың арасында болған кикілжіңнің салдары үлкен қақтығыстарға әкеліп соқты және оның арты азаматтық соғысқа ұласып, ол соғыс бес жылға созылды.
Азаматтық соғыстың аса қатігез қақтығыс кезеңдері 1992 жылдың тамызынан 1993 жылдың шілде аралығында өтеді. Бұл кезеңде тәжік елі екіге бөлінеді. Бес жылға созылған соғыс салдарынан 100 мыңға жуық адам қаза тауып, 900 мыңнан астам адам босқыншылыққа ұшырады.
Тәжік елінде осындай ауыр жағдай болып жатқан кезде, 1994 жылы екінші президенттік сайлау өткізіледі, бұл сайлауда Э. Рахмон жеңіске жетіп, елді басқаруды қолға алады.
Басталған азамат соғысы текетіресуші тараптардың 1997 жылғы 27 маусымында татуласу келісіміне алып келеді, бірақ елде ішінара қақтығыстар болып тұрады. Ескерте кететін жағдай, осының салдарынан Тәжікстан мемлекетінің Ауғанстан елімен шектескен оңтүстік шекарасы, шамамен 1344,15 шақырым жері қорғау-
сыз ашық қалады және бұл шекара аумағын ел әскерінің күшімен толық қорғауға мүмкіндігі болмайды. Аталған шекара аумағының басым бөлігі Памир таулары арқылы өтеді, соңғы бірнеше жүздеген километрі ғана жазық дала болған.
Қақтығыс басталған жылдары осы шекара арқылы ондаған мың тәжік азаматтары мен тәжік оппозициясының қаруланған жасақтары Ауғанстан елі жағына өтіп кетеді. Бұл кезде Ауғанстан елінде азамат соғысы жүріп жатқан еді, сондықтан кері қайтпақ болған оппозиция жасақтары қайтадан тәжік-ауған шекарасы аумағы арқылы кері өтпек болады. Бірақ оларды Кеңес Одағынан бері тәжік-ауған шекара аумағын қорғап келген 201-ші дивизиясы (Кеңес Одағы ыдырағанан соң Ресей елінің егемендігіне өткен әскер) оларды шекара арқылы кері қарай өткізбей қояды, содан атыстар мен қақтығыстар басталды. Осылай шекара жағдайы қатты шиеленіседі.
Тәжік-ауған шекарасы аумағындағы шиеленіс елдегі болып жатқан жағдайға да қатты әсерін тигізеді, содан 1992 жылы Тәжікстан Президенті осы ашық қалған шекара аумағын қорғау үшін ТМД елдерінің басшыларынан көмек сұрайды.
– Қазақ әскерінің тәжік-ауған шекарасына аттанатыны да осы кез ғой.
– Иә. 1993 жылы 22 қаңтарда ТМД елдерінің басшылары Тәжікстан Президентінің өтінішін қабылдап, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінен тәжік-ауған шекарасын қорғауға көмек есебінде 500 сарбаздан тұратын бітімгер жіберу туралы ортақ шешім қабылдайды.
Бұл үшін Қарулы күштерден екі жүз, Шекара қызметінен екі жүз және Ішкі әскерден жүз сарбаз бөлінді. Ішкі әскерден қосылатын жауынгерлер Шымкент қаласындағы 5485 әскери бөлімінен іріктелетіні айтылды. Әскери бөлімнің еліміздің оңтүстігінде орналасуы және Тәжікстанға жақындығы ескеріле отырып осы тапсырманы орындауға аталған әскери бөлім лайықты деп танылды. Сонымен қатар, бөлімнің тәжірибесі мен дағдылары осы тәрізді міндеттерді орындауға толықтай үйлесімді еді. Сондықтан 7 рота Шымкентте жасақталды. Мен сол рота командирінің ұрыс жөніндегі орынбасары қызметінде болдым.
– Еріктілерді таңдау кезіндегі басты критерийлер қандай болды?
– Еріктілерді таңдау кезінде денсаулық жағдайы өте маңызды болды, себебі олар таулы аймақта қызмет ететіндіктен физикалық тұрғыдан мықты болуы керек. Сонымен қатар, олардың отбасылық жағдайы да ескерілді. Үйленбеген және жалғыз ұл болмауы да қарастырылды. Әрі қарай, әрбір сарбаздың мінез-құлқы мен әскери тәртібі тексерілді. Бұл туралы бөлім командирлерінің мінездемесіне сүйеніп, еріктілердің жауынгерлік тапсырмаларды қаншалықты жауапкершілікпен орындайтындығы анықталды.
– Ақтастағы дайындық қанша күн болды және қандай талаптарға сай жүргізілді?
– 1994 жылдың желтоқсан айының соңында ротаны жасақтау процесі басталды. 1995 жылдың қаңтар айында рота толық жасақталып, Ақтас елді мекеніндегі оқу-жаттығу қалашығына жеткізілді. Бұл жерде сарбаздар қару-жарақ және басқа да әскери жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ротаны толық жабдықтаған соң, әскери бөлімнің командирі бекіткен оқу жоспары бойынша жаттығулар мен дайындықтар басталды. Оқу-жаттығулардың басты мақсаты сарбаздарды ұрыс жағдайында әрекет етуге, қарудың құрылысын түсініп, оны қолдануды үйренуге бағытталды. Сонымен қатар, төтенше жағдайларда, соғыс жағдайына жақындатылған жаттығулар да өткізілді. Осылайша жауынгерлердің барлық жағдайларда әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға тырыстық. Сарбаздардың санасына «Жаттығуда қиын болса, ұрыста жеңіл болады» деген ұғымды сіңіруге күш салынды.
Ротаға саяси және ұрыс дайындығы бойынша арнайы сабақтар өткізілді. Бұл сабақтарда Тәжікстандағы саяси жағдай, халықтың мінез-құлқы, мәдениеті мен салт-дәстүрлері жайлы мәліметтер берілді. Сонымен қатар, таулы аймақта соғыс жүргізудің ерекшеліктері де қарастырылды. Жауынгерлерге төтенше жағдайларда әрекет етудің қыр-сыры үйретілді. Осы дайындықтар мен жаттығулар рота мүшелерін нақты ұрыс жағдайларына жақсылап дайындады.
Бұл жауынгерлер жоғарыда аталған 201-ші дивизия әскерімен бірігіп қызмет етеді және содан оларды ел арасында «ТМД бітімгершілік күштері» деп атайды. Ал Қазақстан елінен барған бітімгершілік күш «ҚАЗБАТ» деп аталды.
– Тәжікстанға баруға дайындалған сарбаздардың моральдық күйі қандай болды?
– Тәжікстанға қызмет ету үшін дайындалған сарбаздардың моральдық жағдайы өте жоғары деңгейде болды. Олар өздерінің осы міндетті атқаруға дайын екендіктерін білдірді. Әрбір сарбаз Тәжікстанда қызмет ету жауапкершілігін толық түсініп, бұл қызметтің қауіпті әрі ауыр екенін білсе де, оған дайын жүрді. Ұрысқа бармас бұрын олардың көңіл-күйлерінде ешқандай үлкен өзгеріс байқалған жоқ. Сарбаздар бір-бірімен достық қатынаста болып, жауынгерлік міндеттерін бірге атқаруға тырысты. Жат жерде қызмет ету, қиын жағдайлармен бетпе-бет келу, олардың арасындағы бір-біріне деген сенімділікті арттырып, бауырмалдық сезімін күшейтті.
– Қазақ халқы үшін үшін 1995 жылдың 7 сәуірі қасіретті күндердің біріне айналды. Сол бір шайқас кезінде сіз де болдыңыз ғой...
– Сол кездегі оппозиция жасақтары Үкімет әскері мен бітімгер жауынгерлердің аражігін ажыратып жатпады. Олар бітімгершілік күштердің бөлімшелеріне шабуылдап қана қоймай, қызмет аймағынан тыс жерлерде де, мәселен базарлар мен қала көшелерінде көліктерін жарып және атып террорлық әрекеттер ұйымдастырды.
Міне, осындай қаруланған оппозиция жасақтары террорлық әрекеттердің бірін 1995 жылдың 7-ші сәуірінде Пшихавр шатқалында Қазақстан Республикасы Ішкі әскерінің 5485 әскери бөлімінен жасақталған 7-ші ротасына кенеттен жасаған еді.
Шабуыл түскі сағат бірлер шамасында басталды, рота сарбаздары тосыннан басталған шабуылдан тез естерін жинап және болып жатқан жағдайды дұрыс бағамдап, шабуылға қарсы тойтарыс беруге ұмтылады.
Нақты айтқанда, сол сәтте бір топ офицер 3 взводты дәл осы шатқалға бекініс құру үшін қалдырмақ оймен орын қарастыру үшін жоғары көтерілген едік. Атыс осы кезде басталды. Жаңғыра шыққан оқ дауысынан қарсылас адамның қай жерде тұрғанын да тап басып табу қиын болды.
Бұл ұрыс бес сағатқа созылды. Содырлардың мақсаттары ротаны бір сағаттың ішінде күл-талқан қылып, толық жойып жіберу болатын.
Бірақ Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлері жауынгерлерінің жоғары әскери дайындығы мен мықты рухының арқасында, олар қарсылас жаумен үрейленбей шайқасып, шабуылға ерлікпен тойтарыс берді. Осылай содырлардың мақсаттары және алдын ала дайындаған айла-тәсілдері мен жоспарлары іске аспай қалды.
Қандай болмасын соғыс, немесе ұрыс шығынсыз болмайтыны белгілі. Он жеті сарбаз ерлікпен осы шайқас алаңында қөз жұмды, ал отыз үш жауынгер әр түрлі жарақат алды.
Жарақат алмаған жауынгерлер сол ұрыс болған шатқалдағы шекара аумағын қорғау үшін, одан әрі екі айға қызмет етуге қалады. Айта кететін жайт, бұл жігіттерге жоғарғы әскери басшылық тарапынан, оларды басқа қауіпсіз жерге орын ауыстыру туралы ұсыныс та болды. Бұл ұсынысты олар қабылдамады. Жау қолынан қаза тапқан жауынгер достарының аруақтары үшін және де өз бастарына түскен ауыртпашылықты мойымай көтеріп, басқа жерге бармай, тек осы шайқас болған жерде ғана қызметті ары қарай жалғастыруы – олардың антына адал, қайсарлығын көрсетті.
Бұл шешім, олардың әскери рухы мен күш жігерлерін болған ұрыстың салдары мойыта алмағандығын байқатады және де нағыз қазақ батырларына тән қасиет, бойларындағы намыс оты мен абыройын көрсете білді деуге болады.
Сол елсіз таулы шатқалда, қалған рота сарбаздары қызмет барысында қаншама өте қауіпті және қиын жағдайларға тап болса да, қызметтерін адал орындап, 1995 жылы маусым айының басында елге аман оралды.
–Тәжікстандағы қақтығыстар сіздердің ұрыс тактикаларыңызды өзгертуге әсер етті ме?
– Тәжікстандағы қақтығыс әскери тактиканы өзгертуге себеп болған жоқ. Алайда, бұл қақтығыс жауынгерлердің тәжірибесін арттырып, оларға әртүрлі жағдайларда әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға әсер етті. Тәжікстандағы соғыс белгілі бір әскери әдістердің тиімділігін дәлелдеді және соғыс жүргізу кезінде қажетті тактикалық тәсілдерді жаңартуға мүмкіндік берді. Бұл қақтығыс қазірдің өзінде тарихта маңызды кезең болып саналады және болашақтағы ұрыстарға қажетті әскери тактикаларды дамытуға үлес қос-
ты.
– 7 ротаның ерлігі өз дәрежесінде бағаланды ма?
– Жауынгерлеріміздің ерліктері әрқашан жоғары бағаланды. Олар Тәжік-ауған шекарасында қызмет ету кезінде үлкен ерлік көрсетті. Қайтыс болған сарбаздар ордендермен және медальдармен марапатталды. Сонымен қатар, көп ардагер, оның ішінде менің де әріптестерім, Қазақстанның түрлі аймақтарында ескерткіштер орнатты. Шымкентте, Астана мен Петропавл қалаларында ескерткіштер қойылды, ал Душанбеде де мемориалдық ескерткіш бой көтерді. Сондай-ақ, мектептерде мемориалдық тақтайшалар орнату үшін ардагерлер өздерінің жеке қаржыларын да жұмсады. Бірақ, өкінішке қарай, тірі қалған сарбаздардың барлығының бірдей ерліктері ескерілмей қалды. Бұл – өте өкінішті жағдай.
– Елге оралғаннан кейінгі өміріңізде қандай өзгерістер болды?
– 1998-2001 жылдары Қарағанды қаласындағы 6505 әскери бөлімінде және 2001-2004 жылдары Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде қару-жарақ қызметінің бастығы болдым. 2004-2010 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер Комитетінің қару-жарақ басқармасындағы қару бөлімінің аға офицері қызметін атқардым. 2010 жылдың желтоқсанында денсаулығыма байланысты подполковник шенімен зейнетке шықтым. Үкіметтік және қоғамдық ұйымдардың медальдарымен марапаталғанмын. Қазіргі кезде тәжік-ауған шекарасын қорғауға атсалысқан жауынгерлермен қоғамдық ұйым құрып, солардың іс-шарларына қатысып жүрмін.
Жұбайым – Шолпан екеуіміздің Нұрбол және Ақбота есімді балаларымыз бар. Құдайға шүкір, тәуелсіз елде бала-шағамыздың қызық-қуанышын көріп, өмір сүріп келе жатырмыз. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш. Жат жерде жер жастанған жауынгерлеріміздің де көксегені тыныштық еді. Марқұмдардың рухы шат болсын!
Әңгімелескен қатардағы
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ