7227
Фотосурет: Gov

Менің атам Асан Абдраманов 1913 жылы 1 мамырда Жаркент уезі Ақтоғай болысында (қазіргі Алматы облысы Кеген ауданы Жылысай ауылы) дүниеге келген.

1930 жылы Жаркенттегі мұғалімдер даярлайтын курсты тәмамдап, ұстаздық жолын бастады. Ұстаздық етіп жүріп, Жаркенттегі мұғалімдер даярлайтын курста және Түргендегі педагогикалық училищеде білімін жетілдіреді.

Атам 1942 жылдың қарашасында майданға аттанып, 1945 жылдың желтоқсанында елге оралған.

Отанын қорғауға аттанған ұстаз атам ІІ Украина майданына түседі. Польшаның Любельнь, Демблин қалаларын азат етуге қатысқан, Варшава майданында болған, Люксембург қаласында фашистермен шайқасқан.

Майдан даласында екі рет ауыр жарақат алып, екеуінде де емделген соң, госпитальдан қайта ұрысқа аттанды. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы күресі мен Отанына шексіз берілгені үшін 1943 жылы Орловск облысының Орел қаласында атамды коммунистік партия қатарына қабылдайды.

Бірнеше жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындаған менің атам «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «За Победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.», «За доблестный труд в Великой Отечественной войне 1941-1945 г.г.», тағы басқа бірқатар медальдармен наградталды.

Атам соғыстан кейін де ұстаздық қызметін жалғастырып, өмірін жас ұрпаққа білім беруге арнады. 1946 жылдан бастап, 1973 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Алматы облысының Түзген, Шырғанақ, Тасбұлақ, Қарасаз, Талды, Жаманбұлақ және Жылысай ауылындағы мектептерде ұстаздық етті. Ұзақ жылдар еткен ұстаздық мінсіз қызметі үшін «Құрмет белгісі» ордені, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісі, «Еңбектегі үздік шыққаны үшін» медалімен наградталды.

1977 жылы атам, соғыста алған жарақаттарының асқынуы себебінен, 63 жасында өмірден озды.

Иә, мен атамды көрген жоқпын. Бірақ көзкөргендер және атамның алдынан сауат ашып, білім алған бірнеше буын үлкендердің атам жайлы ыстық ықыласы мен әдемі естеліктері менің қиялымдағы атамның бейнесін асқақтата береді.

Асан атам мен оның өмірлік жары Сағат апам екеуінің шаңырағында он үш бала дүниеге келді. Менің әкем Нұрқұлан – ең кенжесі. Бүгінде ұл-қыздары, немере, шөбере, шөпшектері Ата абыройын биік ұстап келеді. Мен өз тегімді атамның есімімен алып жүргенімді мақтан тұтамын. Отанын қорғаған жауынгер атамның жолын қуып, мен де Ұлттық ұланға әскери қызметке келдім.

Айбар АСАН, Алматы қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -