Бір жыл бұрын әскери борышын өтеуге шақырылған алты жүз теңіз жаяу әскері «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскері бригадасының саптық алаңында бөлімнің Жауынгерлік туымен қоштасты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әскери бөлімнің командирі подполковник Азамат Сүлейменов сарбаздардың ер азаматтың және нағыз патриоттың қалыптасу жолындағы маңызды армия мектебінен абыроймен өткенін айтты.
– Сендер өздеріңді барынша жақсы жағынан көрсеттіңдер, оқу-жаттығулар мен байқауларға белсене қатыстыңдар, жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта тамаша нәтижелер көрсеттіңдер. Отан алдындағы қызметті абыроймен атқарғандарың үшін алғыс айтамын және ақ жол тілеймін, – деп қорытындылады подполковник Азамат Сүлейменов.
Бұл әскери бөліммен қоштасу рәсімі ғана емес, сонымен бірге әскери қызметте көзге түскендерді мадақтау сәті болды. Қызметке адалдығы және оқу-жауынгерлік міндеттерін сапалы орындағаны үшін бірқатар әскери қызметшілер грамоталармен, алғыс хаттармен, сондай-ақ фотоальбомдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
– Теңіз жаяу әскеріндегі қызметімді мақтан тұтамын. Бір жағынан, қызметті аяқтағанымызға қуаныштымын, екінші жағынан бір отбасындай болып кеткен жауынгер достарымды сағынатын боламын, – деді Абай облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Нұртас Шәріпханов.
Биыл көктемде Ақтау гарнизонынан бір жарым мыңға жуық мерзімді қызметтегі әскери қызметші запасқа шығарылатынын айта кеткен жөн.