Еңбек қорғау: жұмысшыларды қорғау үшін жаңа шешімдер

4125
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Теміртау қаласына барып, «Қауіпсіздік аумағы» өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау форумына қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Аталған іс-шараны Qarmet компаниясы ұйымдастырды және еңбекті қорғау, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру және қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін диалог алаңына айналды.

Форум барысында Светлана Жақыпова Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға және Еңбек министрлігінің өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, профилактикалық жұмысты күшейту және қазақстандықтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларына назар аударды.

«Біз ресми бақылаудан тәуекелдерді ақылға сыйымды түрде басқаруға, жоспарлар мен есептерден адамдарды нақты қорғауға көшу арқылы өз қызметіміздің қисынын өзгертетін боламыз. Ол үшін біз нақты шараларды енгізіп жатырмыз. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қауіпті жұмыстарды дереу, сотқа жүгінбей тоқтата тұру құқығына ие болады.

Нақты ұйғарымдармен цифрлық деректер негізінде қашықтықтан профилактикалық бақылауды енгіземіз. Нақты жағдайды көру үшін тексерулер туралы алдын-ала ескертулерден бас тартамыз. Біз инспектордың өкілеттіктерін одан әрі кеңейтеміз, енді ол кез-келген шағымға, тіпті тексеру парағының тізімінен тыс түрде ден қоя алатын болады. Сондай-ақ зиянды өндірістердегі еңбек нормаларын күшейтетін боламыз, жұмысшылардың қысқаруы секілді үрдіс қауіпті жұмыс көлемі төмендеген жағдайда ғана мүмкін болады. Геолокациямен, фотофиксациямен бірге жүйеге деректерді автоматты түрде жүктеу арқылы жұмыс орындарын аттестаттауды түгелімен цифрландыруға көшіреміз. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін еңбекті қорғау бойынша оқыту мен білімді тексеруді жеке-жеке бөлеміз», – деді өз сөзінде министр.

Светлана Жақыпова Еңбек министрлігінің негізгі орыны жазалаушы орган рөлін атқару емес, жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің мүдделері арасындағы көпір болу екенін атап өтті.

«Бұл көпір өзара құрметке, жауапкершілікке және сенімге негізделген нық және берік болуы тиіс. Иә, бизнес те өркендеп, өсуі маңызды, бірақ қасымызда адамдар опат болып жатса, ондай өсу мүмкін емес деп ойлаймын. Кез келген жағдайда адамның өмірі мен денсаулығы әрқашан басымдыққа ие болады.», – деді ол.

Министр Оңтүстік Кореяда, Германияда, Финляндияда және басқа елдерде цифрлық шешімдерді, жасанды интеллект пен автоматтандыруды қолдану кәсіпорындарда жаңа қауіпсіздік мәдениетін құруға оң ықпал ететінін айтты.

«Қазақстан да осы жолмен жүруге талпынуда. Біз қазірдің өзінде еңбек инспекторларына арналған мобильді қосымшаларды сынақтан өткізіп, тәуекелдерді талдаудың нейрондық желілік алгоритмдерін зерттеп жатырмыз, қауіпті аймақтардың онлайн-мониторингін енгізудеміз.

Біздің жаңа тәсілдеріміз нақты, сонымен бірге ол жоғары мақсаттарға жетелейді. Біз тек есеп беру үшін бақылауды мұрат тұтпаймыз. Біз қадағалау іс жүзінде қолдауға айналатындай және қауіпсіздік корпоративтік мәдениеттің бір бөлігі болатындай сапалы жүйені құрғымыз келеді.

Мемлекет те, бизнес те, кәсіподақтар мен жұмысшылардың өздері де бірлесе отырып шын мәнісінде «қауіпсіздік аумағын» құра алатынына сенімдімін, осы орайда әркім өз еңбегінің бағаланатынына және оның өмірі қорғалатынына толық сенімді болады», – деп түйіндеді Светлана Жақыпова.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -