Freedom Ticketon Дженнифер Лопестің концертіне билет сатып алу кезінде туындаған мәселелерге қатысты қабылданған шешімдерді жариялады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне ресми билет операторы болып табылатын Freedom Ticketon соңғы үш күн ішінде билеттерді сату кезінде жүйеге түскен айтарлықтай жүктемеге байланысты туындаған мәселелерді белсенді түрде шешуде. Компанияның бас директоры Виктория Торгунакова өз мәлімдемесінде жүйенің шамадан тыс жүктелуі тапсырыстың дұрыс рәсімделуіне кедергі келтіріп, соның салдарынан бірнеше мың орынға тапсырыстардың қайталанып кеткенін атап өтті. Осыған байланысты Freedom Ticketon әрбір тапсырысты жеке қайта тексеру режиміне көшіп, қайталанған билеттердің алдын алу шараларын қолға алды. Компания бұл қолайсыздықтар үшін ресми түрде кешірім сұрап, мынадай шешімдер қабылдағанын хабарлады:
- Барлық сатып алушыларға қызметтік алым толығыменқайтарылады.
- Қайталанған билеттерге тап болған тұтынушылармен жеке жұмыс жүргізілуде – көпшілігіне балама ретінде жоғары санаттағы орындар ұсынылды. Мысалы, стадионның шеткі секторларындағы 40 000 теңгелік билет иелері 90 000 теңге тұратын танцпол билеттерін алды. Бұл айырмашылықты Freedom Ticketon компаниясы өз есебінен өтейтініне кепілдік береді. Алайда мұндай шешім барлық тұтынушылар үшін бірдей қолайлы болмауы мүмкін, сондықтан компания екі балама шешім ұсынады:
- жаңа берілген орындарды қабылдап, концертке қатысу;
- немесе билетті өткізіп, оның толық құнын қайтарып алып, қосымша 50% бонусын Freedom Ticketon есепшотына алу.
3. Бағасы сәйкес келетін билет табылмаған тұтынушылар (аз ғана бөлігі) концерттің арзан бағалық сегментіндегі билетке тегін иелене алады. Компания оларға билеттің толық құнын қайтарып береді, сонымен қатар іс-шараға бару құқығы сақталады.
«Біз тұтынушыларымыз бен осындай ауқымды іс-шараға билет сатуды сеніп тапсырған концерт ұйымдастырушылары алдындағы жауапкершілікті толық сезінеміз. Туындаған қиындықтар үшін шын жүректен кешірім сұраймыз – бұл жағдайға толығымен Freedom Ticketon жауапты. Сонымен бірге билеттерге қатысты туындаған мәселе шоудың сапасына еш әсер етпейтінін атап өткен жөн. Концертті ұйымдастырып отырған «Астана концерт» компаниясы – мыңдаған көрермені бар іс-шараларды өткізуде өзінің кәсібилігін әлдеқашан дәлелдеген жоғары деңгейлі команда екені сөзсіз» Виктория Торгунакова
Ticketon өкілдері билеттерді қайта рәсімдеу жұмыстары алдағы екі жұмыс күні ішінде толық аяқталатынын хабарлады.
«Бірнеше мың билетті қолмен қайта өңдеу және әртапсырысты жеке-жеке тексеру көп уақытты талап етеді. Сондықтан ваучерін әлі алмаған және концертке барудан бас тартқан тұтынушылардан кері қайтарым өтініштерін қабылдауға дайынбыз. Мұндай жағдайда билеттің толық құны қайтарылады және үстеме ретінде 50% бонус тұтынушының Freedom Ticketon шотына аударылады. Қайтарым рәсімдеу үшін келесі сілтеме арқылы өтініш қалдыру қажет» Виктория Торгунакова
Еске сала кетейік, әлемге әйгілі әнші Дженнифер Лопестің концерті 1 тамыздаАстана қаласындағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Шараға қызығушылық танытқан адамдардың саны стадионның сыйымдылығынан бірнеше есе асып түсіп, билеттер небәрі бірнеше сағат ішінде толық сатылып кетті.