2024 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелері арқылы жалпы сомасы 1 487,4 трлн теңгеге төлем жүргізілді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 51,7%-ға көп, деп хабарлайды DKnews.kz.
Операциялардың ең көп саны сағат 16.00-17.00 аралығында өңделеді. Операция күндері ұлттық төлем жүйелері (Банкаралық ақша аударымдары жүйесі мен Банкаралық клиринг жүйесі) арқылы жүргізілетін операциялардың орташа тәуліктік көлемі 5,9 трлн теңге болды.
2024 жылы Ұлттық Банктің төлем жүйелерінде бір төлемнің орташа сомасы 16,9 млн теңге болды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27,4 %-ға (3,6 млн теңгеге) жоғары.
2024 жылы төлем жүйелерінің жұмыс істеуге жарамдылық коэффициенті Ұлттық Банк белгілеген нысаналы көрсеткіштерден асып, 99,96% болды. Бұл ұлттық төлем жүйелерінің жоғары қолжетімділігі мен үздіксіз жұмыс істейтінін растайды.
Қазақстан Ұлттық Банкі – Банкаралық ақша аударымдары жүйесі (БААЖ) мен Банкаралық клиринг жүйесінің (БКЖ) операторы. ҚҰБ-тың осы төлем жүйелері ұлттық төлем жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін және Қазақстан аумағында қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жүзеге асыру үшін қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.