Парламентте аумақтық қорғаныс туралы заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүргізілуде

3982
Фотосурет: Gov

Парламент Мәжілісі екінші оқылымда «Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысы туралы» заң жобасына және басқа да нормативтік құқықтық актілерге ілеспе түзетулер енгізуді қабылдады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Заң жобасы елдің аумақтық тұтастығын қорғауға, жұмылдыру кезеңінде сондай-ақ, соғыс жағдайында және соғыс уақытында оның қорғаныс қабілетін арттыруға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда аумақтық қорғаныстың мақсаттары мен міндеттері, Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың құзыреттері нақтыланды.

Заң жобасында аумақтық қорғаныс жоспарын, оның ішінде ведомстволық бағынысты нысандарды күзету және қорғау жөніндегі міндеттер жүктелген құқық қорғау органдарының қатысуымен әзірлеудің және бекітудің іс-шаралары мен тәртібі айқындалған.

Құжатқа «өзін-өзі қорғауды қалыптастыру», «ерікті» және «аумақтық қорғаныс нысаны» ұғымдары енгізіледі. Мұндай нысандардың тізбесін бекіту жөніндегі құзырет Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға бекітілді.

Өзін-өзі қорғау құрылымдарын әскери жағдай кезеңінде және соғыс уақытында жергілікті әскери басқару органдары құрайды. Өз еркімен өзін-өзі қорғауды қалыптастыруға қабылданған Қазақстан азаматтары ерікті болып табылады. Олардың қатарына құрылымды құру кезінде Қарулы күштер қатарына шақырылмаған, жұмылдыруға жататын және жатпайтын адамдар кіреді.

Еріктілер елді мекендерді, аумақтық қорғаныс нысандарын күзету және қорғау, қорғаныс құрылыстарын салу, эвакуациялық іс-шараларды жүргізу және басқа да міндеттерді орындауға тартылатын болады. Еріктілердің жеке өзін-өзі қорғау құрылымдары жауынгерлік тапсырмаларды орындау үшін Қарулы күштердің құрамына кіруі мүмкін.

Ілеспе түзетулермен Кәсіпкерлік, Бюджеттік кодекстерге және 14 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Түзетулер аумақтық қорғаныс саласындағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыреттерін бекітеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -