Қазақстанда тауарлар мен қызметтердің бағасы бес жылдан аз уақытта 62%-ға қымбаттады.
Ағымдағы жылдың наурыз айында инфляция 10%-ға дейін жеделдеді. Бәрінен де қымбаттаған — қызмет көрсету саласы, 14,3%-ға қымбаттады. Әсіресе, коммуналдық қызметтердің бағасы шарықтады. Бүгін осы тақырыпқа тоқталайық: секторда «Инвестицияның орнына тариф» бағдарламасының қолданылатынын ескере отырып, осы салада бағаның соңғы бірнеше жылда қалай өзгергенін көрейік.
Жағдайды түсіну үшін соңғы жылдарда өскен бағаны қоса алғанда, 2020 жылдың желтоқсанынан бастап 2025 жылдың наурыз айындағы бағаның өзгеру көрсеткішін негізге алдық.
Осы кезең аралығында қызмет көрсету секторында баға орта есеппен 61,7%-ға өсті. Алайда, коммуналдық саланың жағдайы бөлек. Бәрінен де суық су тарифтері қатты қымбаттады, бағасы 2,5 есеге артты. Қоқыс шығару 91,8%-ға, су бұру 89,6%-ға қымбаттады. Электр энергиясы (71,6%) және орталықтан жылыту (68,4%) тарифтері де айтарлықтай өсті. Қызмет көрсету секторы бойынша бұл қызметтер орташа мәннен жоғары қымбаттады.
Ыстық сумен жабдықтау (59,5%) және тұрғын үйді күтіп ұстау (52,3%) бағасының қымбаттауы орташа деңгейден төмен болды. Ал ұялы байланыс қызметтері (бес жылға жуық уақыт ішінде 44%) және тарату желілері арқылы тасымалданатын газ (30,5%) аса қымбаттамады. Бұл салаларда бағаның өсу деңгейі жоғары емес, орташа деңгейден едәуір аз және жеке коммуналдық қызметтерге қарағанда, бірнеше есеге төмен. Бұл тұрғыда, қымбат тарифтер үшін жиі сынға ұшырайтын байланыс секторын ерекше атап өткен жөн: бұл сала бағалары айтарлықтай баяу өсетін салалардың қатарына енді. Мұны айтарлықтай көрсеткіш деуге болады, себебі байланыс қызметтері үнемі технологиялық дамуды, инфрақұрылымды жаңартуды және қымбат жабдықты талап етеді. Трафикті генерациялау және тарату — импорттық құрамдас бөліктерге, электр энергиясына және кәсіби кадрларға байланысты жоғары технологиялық процесс, десе де, бұл салада тарифтер қымбаттай қоймады.
Салыстырып қарау үшін басқа да көрсеткіштерді назарларыңызға ұсынамыз. Жоғарыда аталған кезең аралығында (2020 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың наурызын қоса алғанға дейін) тауарлар мен қызметтердің жалпы бағасы 61,6%-ға, азық-түлік 64,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар 56,8%-ға қымбаттады. Яғни, барлық санаттар бойынша қымбатшылық байқалады.
Тарифтердің өсуіне қарамастан, байланыс қызметтері халықтың қалтасына ауырлық салмайды. Айта кетерлігі, қымбатшылықпен бірге кіріс те артады.
Мәселен, 2024 жылдың төртінші тоқсанындағы жағдай бойынша халықтың байланыс қызметтеріне жұмсайтын шығындарының үлесі шығындардың жалпы сомасының небәрі 3,1%-ын құрады, бір жыл ішінде жағдай өзгерген жоқ. Ал көпжылдық динамикада азаматтардың байланыс қызметтеріне жұмсаған шығындары 3,9%–3,1% аралығында, яғни, кему ретімен өзгерді. Салыстыру: айта кетсек, азаматтар өздерінің жеке бюджетінің шамамен 50%-ын тек азық-түлікке жұмсайды.
Мұның өз себептері бар: әуел бастан және бүгінгі күнге дейін байланыс операторларының тарифтері төмен болды және төмен болып қала береді. Бұған халықаралық және жергілікті деректер дәлел. Сонымен қатар 2022 жылға дейін ұялы байланыс қызметтерінің бағасы өскен емес.
Көптеген коммуналдық қызметтерге қарағанда, әдетте, байланыс тарифтері тұтынушылық талаптардың жоғарлауына байланысты қымбаттайды. Тарифтер қымбаттаған жағдайда, абоненттер көбірек артықшылыққа қол жеткізеді: қосылған интернет-трафиктің көлемі, минуттар саны, деректерді беру жылдамдығы және жалпы сервистің сапасы артады. Яғни, бұл салада баға өссе, мүмкіндіктер көбейеді. Әсіресе, соңғы жылдары интернет пен цифрлық сервистердің өте белсенді пайдаланылуына байланысты берілетін деректердің көлемі, қосылған құрылғылардың саны және халықтың цифрлық әдеттері де айтарлықтай өсті. Осыған қарамастан, операторлар өз аудиториясын байланыспен қамтамасыз ете отырып, желілерді кеңейтуге, жаңа технологияларды енгізуге (5G) инвестиция салуды жалғастыруда.
Жоғарыда айтылғандай, тарифтердің қымбаттауына инвестиция салу қажеттілігі себеп болды. Қызмет сапасын жоғары деңгейде ұстап тұру үшін жаңаруға, өркендеуге инвестиция қажет. Бұл барлық салаға, әсіресе, қызметі халық үшін өте маңызды кәсіпорындарға қатысты.
Бүгінгі таңда коммуналдық салада инфрақұрылымның әбден тозығы жеткен, бұл желілерде апат тудырып, салдарынан шұғыл және төтенше жағдайлар орын алуы мүмкін. Байланыс секторында да жағдай дәл осындай: жабдықтар тозған, ал сапалы қызмет жаңартуды талап етеді. Ол үшін инвестиция қажет.
Коммуналдық қызметтер мен байланыс саласының арасында маңызды бір айырмашылық бар: коммуналдық қызметтер сегментінде инвестицияның едәуір бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінеді, ал байланыс секторында барлық шығындарды операторлар өз мойнына алады.
Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтауға, кәріз жүйесіне және қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылауға салынған инвестицияның 80%-ы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінді. Электрмен жабдықтауға, газ, жылу беруге және ауаны баптауға жұмсалған қаражаттың шамамен 50%-ы бюджеттен (республикалық және жергілікті бюджеттен) алынды.
Ал байланыс секторында инвестицияның 99%-ы операторлардың өз қаражаты есебінен жасалады. Байланыс саласы қомақты капиталды қажет етеді, себебі бұл сала импорттық жабдықтар мен технологияларға тәуелді. Мысалы, 2023-2024 жылдары секторға салынған инвестиция 758 млрд теңгеден асты, бұл өткен алты жылда жұмсалған жиынтық көрсеткіштен әлдеқайда көп. 2022 жылдың соңында 5G радиожиілік жолақтарын беру аукционының өзінде Tele2 және Altel брендтерін ұсынатын «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС және «Кселл» АҚ атынан консорциум екі лот үшін 156 млрд теңгеден астам ақша төледі. Сонымен қатар 2027 жылға дейін компаниялар 5G желісін түпкілікті орнатуға 450 млрд теңгеден астам қаражат жұмсайды. Бұл — бұрын-соңды болмаған инвестиция.
Енді телекомға салынатын инвестицияға толығырақ тоқталайық. Негізгі станциялар мен коммутаторлардан бастап серверлер мен бағдарламалық жасақтамаға дейін барлық негізгі инфрақұрылым шетелден сатып алынады. Демек, байланыс саласы валюталық өзгерістерге де тәуелді: ұлттық валюта әлсіреген кезде, операторлардың шығындары біршама артады. Тек соңғы үш жылда теңге 20,9%-ға, бес жылда 37,2%-ға, ал он жылда 2,8 еседен астам әлсіреді. Яғни, жабдықтың қымбат бағасынан бөлек, операторлар валюта айырмашылығынан да ұтылады: байланыс операторлары шетел валютасына байланысты біраз шығынға ұшырайды, ал кіріс теңгемен түседі. Мұндай айырмашылық бизнеске қосымша салмақ салады, тарифтерді тұрақты деңгейде ұстап тұру оңай емес. Осыған қарамастан, бұл сала бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфрақұрылымды дамытуды жалғастыруда.