Қазақстанның қаржы реттеушісі банктерге арналған жекелеген қосымша талаптарды бекітті

2530
Фотосурет: freepik.com

Агенттік 2024 жылғы SREP және AQR қорытындысы бойынша қадағалау үстемеақыларын қолданды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) 2024 жылы өткізілген SREP және AQR рәсімдерінің қорытындылары бойынша капиталдың жеткіліктілігі нормативтеріне қадағалау үстемеақыларының тетігін алғаш рет қолданды.

Үстемеақы әдіснамасы 2023 жылы әзірленді және банк жүйесінің орнықтылығын нығайтуға бағытталған қадағалау әсерінің негізгі құралы болды.

Мәселен, Агенттік үстемеақының екі түрін анықтады:

  • тұрақты AQR-ға қатысатын банктер үшін – 0%-дан 6%-ға дейін;
  • тұрақты AQR аясынан тыс банктер үшін – 0%-дан 3%-ға дейін.

Әрбір банкке жеке үстемеақы қолдану туралы шешім Агенттіктің Пруденциялық реттеу саясаты жөніндегі комитетінің 2024 жылғы желтоқсандағы отырысында бекітілді. 2024 жылы банктердің тәуекел-бейініне байланысты үстемеақылардың мәндері 0%-дан 4,5%-ға дейін болды.

Қадағалау үстемеақысын қолдану ықтимал шығындарды сіңіру үшін қосымша капиталды қалыптастыру арқылы банктерге материалдық әсер етеді. Бұл банктер қызметіндегі тәуекелдер мен кемшіліктерді жою және барынша азайту үшін қажет. Бұл ретте барлық банктер капиталдың жеткілікті қорын және нормативтер бойынша ең төменгі талаптарды сақтайды.

Белгіленген қадағалау үстемеақысын банктер стратегияны, бюджетті, тәуекел-дәрежені және стресс-тестілеу сценарийлерін қалыптастыру кезінде ескеруге, сондай-ақ осы мәселені тиісті басқарушылық шешімдер қабылдау үшін директорлар кеңесінің қарауына шығаруға тиіс.

2024 жылғы SREP және AQR қорытындылары бойынша есептер Агенттіктің сайтында қолжетімді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -