Қорғаныс министрлігі әскери институтының командасы Military Drone Race турнирінің үздік үштігіне енді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан тарихында Military Drone Race күш құрылымдарының FPV-дрон операторлары арасындағы алғашқы турнир Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің құрылған күніне орайластырылды.
Ұшқышсыз басқарылатын әуе жүйелері мамандарының ауқымды форумына 11 команда қатысты. Бұл турнир шеберлікті көрсету, тәжірибе алмасу және тактикалық шешімдерді пысықтау үшін ұшқышсыз басқарылатын құрылғылардың ең үздік деген есептоптарының басын қосты.
ҚР Қорғаныс министрлігі Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының командасы жақсы дайындалғандарын көрсетіп, ҰҚК-нің «А» арнайы бөлімшесі мен Мемлекеттік күзет қызметінің құрамасынан жеңіліп, үшінші орынға табан тіреді.
Әскери институттың атынан жарысқа бірінші курс курсанттары Ерасыл Қабылов, Алпамыс Құрбанбаев, Нұрәлі Нұркенов және Амантай Тілек қатысты.
– Біздің курсанттар бұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып тұр. Небәрі екі аптаның ішінде олар FPV дрондарын басқаруды меңгеріп, керемет командалық қасиеттерді, табандылық пен жеңіске деген ұмтылысты көрсетті. Бұл жай ғана бәсекелестік емес, ұрысқа барынша келтірілген жағдайда заманауи сынақтарға дайындалудың нақты мүмкіндігі. Балаларымызды мақтан тұтамыз және бұл табысқа жету жолындағы алғашқы қадам екеніне сенімдіміз, – деп атап өтті арнайы пәндер кафедрасының аға оқытушысы подполковник Елнар Ыдырысұлы.
Бүгінгі таңда FPV дрондары барлау, бақылау, бағыттау және нақты тапсырмаларды орындау үшін белсенді қолданылатынын айта кеткен жөн. Оларды қолдану жеке құрамға төнген қауіпті азайтып, ұрыс даласындағы іс-қимылдың тиімділігін арттырады.