Шымкенттегі Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдері әскери қызметшілер арасында «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқау-сайысының 1-ші кезеңі өтті.
Сайысты ұйымдастырудағы басты мақсат мемлекеттік тілге құрметті арттыру, оны жетік үйренуге ынталандыру. Бұл сайыс әскери бөлімде дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген бұл сайысқа 5 әскери қызметші қатысты. Ереже бойынша қатысушылар «Таныстыру», «Сахналық көрініс», «Мақал-мәтел айту» сияқты үш айналымда өнер көрсетті.
Таныстыруда 4 атқыштар ротасының жауынгері азербайжан ұлтының өкілі сержант Касымов Дагистан оқ бойы озып шықса, сахналық көріністе тарихымыздың көш басында тұрған тұлға Жәнібек сұлтанның образын 3 атқыштар ротасының жауынгері ефрейтор Дагистанов Тахир әдемі сомдады. Ал мақал-мәтел айтудан материалдық техникалық қамтамасыз ету ротасының маманы ефрейтор Ахметов Шаукат алдына жан салмады. Әділ-қазылар алқасының құрамында байқауға төрелік еткен бөлім командирінің орынбасары подполковник Арман Утенов қатысушыларға алғысын білдіріп, арнайы дипломдармен марапаттады. Сайыс қорытындысы бойынша «Көркемсөз шебері» номинациясын материалдық техникалық қамтамасыз ету ротасының маманы ефрейтор Ахметов Шаукат жеңіп алды. 2,3 орындарды сержант Касымов Дагистан мен аға сержант Шакаров Хамза қанжығасына байлады.
Ал барлық айналымнан үздік шығып, жоғары ұпай жинаған ефрейтор Дагистанов Тахир 1 орынды иеленді. Ефрейтор Дагистанов Тахир «Мемлекеттік тіл - менің тілім» сайысының өңірлік қолбасшылық бойынша өтетін 2 кезеңінде әскери бөлім намысын қорғайтын болады.
6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика