Павлодарда Ұлттық ұланның 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері өртенген көлікті сөндірді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сағадат Нұрмағамбетов көшесі бойындағы бағдаршам белгісіне тоқтаған «Volkswagen Golf» маркалы автокөліктен өрт шыққан. Мұны сол аумақтағы қала қауіпсіздігін қадағалаған жауынгерлік жасақ дереу байқап, көмекке ұмтылады.
- Көлік жүргізушісі мұндай оқиғаны мүлде күтпесе керек. Өртке оранған көлік алдында қалшиып, абдырап қалды. Мен көлік багажынан дереу өрт сөндіру құрылғысын алып шығып, қызыл жалынмен арпалыстым. Одан кейін аккумуляторды ажыраттым. Қаруластарым болса, көліктен шыққан өрттің айналаға шарпып кетпеуіне жол бермей, қоршаған орта қауіпсіздігін қамтасыз етті. Сонымен қатар оқиға орнына өрт сөндіру қызметін шақырды - дейді әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Ернұр Аманқұл.
Ұландықтар өрт сөндірушілер келгенше жедел әрекет етіп, жанып жатқан көлікті итеріп, автокөлік ағыны аз көшеге қарай шығарған. Одан соң өрт сөндіру құралымен қызыл жалынды өшіреді. Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Көлік иесі өртпен арпалысып, құтқарушыларды шақырған ұландықтарға шексіз алғысын білдірді.