Қазақстан БҰҰ-мен халық саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде

1166
Фотосурет: Gov

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрғын халық саласындағы қорының (UNFPA) өкілі Чинве Огбонна ханыммен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесудің негізгі тақырыбы 2026-2030 жылдарға арналған Ынтымақтастықтың жаңа елдік бағдарламасын жоспарлау болды. Негізгі бағыттардың қатарында ұлттық денсаулық сақтау жүйелерін нығайту, медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, жаһандық сын-қатерлерді шешу және денсаулық сақтау саласындағы басым мәселелер бойынша әріптестікті дамыту талқыланды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова БҰҰ қорымен тұрғын халық саласындағы көпжылдық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

«Бізді ұрпақты болу денсаулығын нығайтуға және халықтың осал топтарын қолдауға бағытталған көпжылдық бірлескен жұмыс байланыстырады. UNFPA қолдауының арқасында Қазақстан репродуктивтік денсаулықты, перинаталдық күтімді, отбасын жоспарлауды және белсенді ұзақ өмір сүруді қорғауда әлемдік озық практикаларды енгізуде елеулі табыстарға қол жеткізді» Ақмарал Әлназарова

Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап Қазақстанда алғаш рет «Аналар саулығы» бағдарламасын іске асыру басталды, ол фертилдік жастағы әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған және прегравидалық дайындық шеңберінде базалық чекапты көздейді.

ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна республиканың аналар мен балалардың денсаулығын сақтау саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады.

«Қазақстанда ана мен бала өлімінің көрсеткіштері бірқатар Еуропа елдеріне қарағанда төмен. Біз айтарлықтай прогресс пен жүйелі жұмысты көреміз, әсіресе отбасын жоспарлау саласында, бұл тұрақты дамуға нақты әсер етеді. Біз денсаулық сақтау тұжырымдамасын әзірлеуге және енгізуге қатысуға, сондай-ақ осындай бастамаларды іске асырудағы халықаралық тәжірибемізді ескере отырып, сараптамалық топтар мен талдамалық зерттеулерге үлес қосуға дайынбыз» Чинве Огбонна

Кездесуге сондай-ақ сексуалдық және репродуктивтік денсаулық саласындағы бағдарламалардың ұлттық талдаушысы Серік Тәңібергенов, ҚР ДСМ халықаралық ынтымақтастық және интеграция департаментінің директоры Гүлнара Мұханова, Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова қатысты.
Кездесудің қорытындысы бойынша Тараптар Қазақстан халқының денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нәтижелі өзара іс-қимылды жалғастыруға өзара мүдделілігін растады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -