Қазақстан ЮНЕСКО-ның Трансұлттық жобаларына қатысуын кеңейтеді

1474
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселе қаралған Үкімет отырысында еліміздің тарихи құнды жәдігерлерін туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыру қажет екенін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне бүгінде әлемдік деңгейде мойындалған бірегей тарихи-мәдени жәдігерлер енгізілген. Олардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қаялық, Талғар, Ақыртас қалашықтары және басқа да теңдесі жоқ құнды, тарихи-мәдени мұралар бар. Премьер-министр Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында Қазақстанның материалдық және материалдық емес мұраларын ЮНЕСКО-ның халықаралық тізімдеріне енгізудің маңыздылығын атап өткенін, төрткүл дүние елімізді дәл осы тізімдер арқылы танып білетінін жеткізді. Осыған байланысты еліміздің мәдени құнды жәдігерлерін туристерді өзіне тартатын орталықтарға айналдыруымыз керек. Оларды фильмдер мен бағдарламаларда көрсетіп, кітаптар мен мектеп оқулықтарына енгізу қажет. Сондай-ақ көрмелер мен форумдарда кеңінен насихатталуы тиіс.

Сонымен қатар, бүгінде ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралардың тізіміне күй өнері, қазақ күресі, асық ойыны, «Беташар» салты, «Ортеке» биі және басқа да ұлттық құндылықтарымыз енді. Шетелдік туристер тарапынан Қазақстанның тарихи құндылықтары мен мәдени мұраларына деген қызығушылықтың артқаны атап өтілді. Ең бастысы, біздің жастарымыздың тарапынан тарихты тануға деген ынта-ықылас пен қызығушылық өсіп келеді. Осы орайда халықтың қолөнері мен әдет-ғұрыптары қайта жаңғырып жатыр. Жастар фольклорлық подкасттар жазып, ұлттық киімдердің заманауи интерпретацияларын жасауда. Музыка мен спортта да қазақтың символикалық құндылықтарына жиі мән беріп келеді. Олжас Бектенов мұндай үдерістерге Үкімет үнемі қолдау көрсететінін атап өтті. 

Үкімет отырысында Қазақстанның ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Материалдық емес мұрамызды, мысалы, қолөнерге үйрету және әдет-ғұрыптарды сақтауды Үздік тәжірибелер тізімдеріне енгізуге назар аудару керек. Сондай-ақ Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанмен бірлесіп, «Жібек жолы: Каспий-Еділ дәлізі» жаңа трансұлттық номинациясын дайындауды жалғастыру қажет.

Бірнеше күн бұрын «Хандар шежіресі» қолжазбасы «Әлем жады» тізіліміне енгізілді. Бұл – аталған құжаттың құндылығын мойындау фактісі ғана емес, оны халықаралық қорғау әрі қарай зерделеу және дәріптеу құралы.

«Алтын Орда, Қазақ хандығы бойынша жазбаша дереккөздер, Ұлы Жібек жолы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы туралы шежірелер – әлемдік тарихи жадының бір бөлігі. Біздің міндетіміз – оларды сақтай отырып, Қазақстанның жаһандық өркениеттің дамуына қосқан үлесі ретінде ілгерілету. Осындай құжаттар, танылған тарихи және мәдени нысандар арқылы Қазақстанға деген қызығушылық артып, еліміздің имиджі көтеріледі, жалпыұлттық бірегейлігіміз нығаяды. Мемлекет басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Ол үшін кешенді ведомствоаралық өзара іс-қимылмен қатар, халқымыздың төл тарихына, құнды жәдігерлері мен мәдени мұрасына жанашырлықпен қарау қажет» Олжас Бектенов

Премьер-министр ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету мәселелерін қарау қорытындысы бойынша бірқатар тапсырма берді:

  • Мәдениет және ақпарат министрлігі ЮНЕСКО аясында мәдени мұраны сақтау және ілгерілету жөніндегі алдағы кезеңге арналған кешенді жоспардың жобасын әзірлеп, осы жылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет қарауына енгізсін. Мүдделі органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, тарих және мәдениет ескерткіштеріне түгендеу жүргізіп, осы жылғы 1 тамызға дейін тиісті құжаттарды ЮНЕСКО-ға жіберуі қажет.
  • Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының әкімдіктері биылғы 15 қыркүйекке дейінгі мерзімде дүниежүзілік мұра объектілерінің аймақтарын мемлекеттік жер кадастрының ақпараттық жүйесіне енгізсін.
  • Туризм және спорт министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірге мәдени мұра объектілері мен элементтерін ескеретін туристік маршруттарды әзірлеп, іске қоссын. 
  • Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, ЮНЕСКО тізімдеріне енгізілген объектілер мен элементтер бойынша цифрлық танымдық өнімдер жасауы қажет.
  • Мәдениет және ақпарат министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, Қазақстанның мәдени құндылықтарын ілгерілету және насихаттау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тұрақты негізде жүргізсін.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -