ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев Қазақстанға арнайы шақыртумен келген Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) бас хатшысы, 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасының үйлестіру комиссиясының мүшесі Андреас Заглиспен ресми кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Кездесуге ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, сондай-ақ Қазақстан баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысов қатысты.
Жиында тараптар Қазақстанда және халықаралық деңгейде баскетбол спортын дамыту мәселелерін талқылады. Әсіресе ұлттық федерациялардың әлеуетін арттыруға бағытталған FIBA Plus бағдарламасының Қазақстанда жүзеге асырылу мүмкіндіктері сөз болды. Бұл бастама Қазақстан ұлттық баскетбол федерациясымен бірлесіп іске асырылмақ.
Бұл кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық спорт ұйымдарымен байланысты күшейту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясындағы маңызды қадам болып отыр. Президент Париж Олимпиадасы-2024 жүлдегерлерімен кездесуде спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және әлемдік жарыстарды Қазақстанда өткізу міндетін қойған болатын.
Осы мақсатта елімізде халықаралық спорт ұйымдарымен тұрақты және жүйелі диалог орнауда. Қазақстанда Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер, Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Мұхаммед Джалуд Әл-Шаммари, Халықаралық су спорты федерациясының президенті Хусейн Әл-Мусаллам және Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымының президенті Ненад Лалович сапарлап келді. Олар елдегі спорт инфрақұрылымымен танысып, Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылаған болатын.
Енді Қазақстанға командалық, ойын спорт түрлерінің өкілдері де келе бастайды. Мәселен, осы күндері FIBA бас хатшысы Андреас Заглис Қазақстанға келсе, ал алдағы уақытта UEFA президенті Александр Чефериннің сапары жоспарланып отыр.
Бұл еліміздің халықаралық спорт қоғамдастығымен байланысының тереңдеп келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан Үкіметі алдағы уақытта да осындай жоғары деңгейдегі келіссөздер арқылы Қазақстан спортының әлеуетін күшейтіп, әлемдік аренадағы беделін арттыруды жалғастыра береді.