Елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы қоғам өкілдерінің қызу талқысына түсті. Маңызды жиын ҚХА-ның 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, мерекелік форматта өткен ауқымды талқылаулармен ерекшеленді. Себебі сессияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басқосудың мән-маңызына айрықша тоқталып, алда атқарылатын міндеттерді атап өтті.
«Біріншіден, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек. Былтыр еліміздің рухани және тарихи-мәдени ордасы – Түркістанда жаңа Достық үйі ашылды. Енді осындай Достық үйін халық тығыз қоныстанған Алматы облысында салу қажет. Бұл ғимарат аймақтың қоғамдық өмірі үшін өте маңызды орталық болмақ. Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланды. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Барлық аймақтағы Достық үйлерін өз азаматтарымыз да, қажет болып жатса, шетелдік қонақтар да баратын туристік бағыттар картасына енгізген жөн. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс» Қасым-Жомарт Тоқаев
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Абай облысы бойынша өкілі, өңірлермен жұмыс бөлімінің бас сарапшысы, PhD Берік Қадыров, Ассамблеяның өңірлік қызметі туралы нақты мысалдар келтіре отырып, оның күнделікті қоғам өміріндегі ықпалы жайлы ойларымен бөлісті.
«Бүгінде ҚХА қызметі жаңа мазмұнмен толықтырылып, ұйымның қоғамдық рөлі арта түсті. Бұл әсіресе өңірлерде айқын байқалуда. Азаматтық бірлік пен этносаралық келісімді тек орталық деңгейде ғана емес, жергілікті бастамалар арқылы да күшейту қажет. Абай облысында бұл бағытта 46 этномәдени бірлестік пен ондаған қоғамдық құрылым белсенді жұмыс атқаруда», – деді ол.
Сарапшының пікірінше, Абай облысында ҚХА қызметіне 123 ақсақалдар кеңесі, 78 аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топтар, жас ғалымдар клубы, этномедиация орталықтары және басқа да ұйымдар тартылған. Бұл құрылымдар қоғамда ұлттық құндылықтарды сақтап, келісім идеясын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА қызметіне жастарды кеңінен тарту қажеттігін ерекше атап өтті. Осыған орай Абай облысында түрлі жастар жобалары жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – «Жомарт жан» орталығы. 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл орталық 32 қайырымдылық акциясын өткізіп, 470 адамды қамтып, жалпы сомасы 2 600 718 теңге көлемінде көмек көрсетті. Сонымен қатар өңірде этномедиацияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта медиатор мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында семинарлар, тренингтер мен оқыту курстары ұйымдастырылуда», - деді Берік Қадыров.
Оның айтуынша, ҚХА басты миссиясы бейбітшілік пен сенімге негізделген айрықша ұйым.
«Ассамблея – бұл жай ұйым емес. Ол – ел ішіндегі бейбіт өмір мен өзара сенімнің тірегі. Әсіресе, ақсақалдар мен аналар кеңестері арқылы берілетін тәлім-тәрбие, ұлттық сана мен келісімге шақыратын жұмыстар – болашақтың кепілі. Көріп отырғанымыздай, Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік қызметі сан алуан бағыттарды қамти отырып, қоғам өмірінің маңызды салаларында белсенділік танытып келеді. Оның басты мақсаты – қоғамда өзара сенім мен сыйластықты нығайту, бейбітшілік пен тұрақтылықтың берік тірегіне айналу», – деп түйіндеді Берік Қадыров.
Рустам Қайрыев: ҚХА 30 жылда татулықтың тірегіне айналды
Сессияға қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Рустам Қайрыев ҚХА-ның ел бірлігін сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.
«Президентіміздің сөзін басшылыққа ала отырып, мынаны атап өткім келеді: Ассамблея – бұл бір халықтың ғана емес, барша қазақстандықтардың ортақ мұрат жолында ұйысқан рухани ордасы болуы тиіс. Ол әрбір азаматты ұлт пен ұлысқа бөлмей, ортақ құндылықтар мен игі мақсаттар төңірегіне біріктіретін жалпыхалықтық ұйым ретінде қызмет етуі қажет. Көпэтносты Қазақстан үшін бұл ұйым – тек бейбітшілік пен келісімнің белгісі ғана емес, елдің берекесі мен бірлігінің алтын діңгегі. Ассамблея – қазақ халқының табиғи дархандығы мен бірлікке ұмтылған жүрегінің жаршысы. Ол азаматтық жауапкершілік пен мәдени-рухани сабақтастықты ұштастыратын берік көпір іспетті. Бүгінгі таңда баршамыздың алдымызда тұрған асқақ мақсат – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін одан әрі нығайтып, бейбіт өмір мен берекелі болашақтың іргетасын бекемдей түсу», – деді ол.
Рустам Қайрыев ҚХА-ның тек этностық топтарды ғана емес, бүкіл қоғамды біріктіретін қуатты қоғамдық институтқа айналғанын баса айтты. Оның сөзінше, ҚХА-ның қызметі ел экономикасынан бастап мәдениет пен әлеуметтік саясатқа дейін ықпал етіп отыр.
«Ассамблея бейбітшілік пен келісімді сақтап, еліміздің тұрақты дамуына негіз қалауда. Бұл – ата-бабаларымыздың аманаты. ҚХА бүгінде өңірлерде нақты жұмыстар жүргізіп, жастармен, қоғаммен етене араласуда. Ол – жалпымемлекеттік міндеттерді атқаратын стратегиялық органға айналды», – деді Қайрыев.
Сондай-ақ, ол ҚХА-ның жастар саясатына да ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Жастар қанаты кәсіптік бағдар, креативті индустрия, мемлекеттік тілді дамыту, экологиялық тәрбие және медиа сауаттылық бағытында бірқатар жобаларды іске асырып жатыр.
«ҚХА – болашақтың кепілі. Ол жастарымызды бәсекеге қабілетті, білімді, тіл меңгерген азамат етіп тәрбиелеуде шешуші рөл атқаруда. 2021 жылы құрылған «Ассамблея жастары» Республикалық қоғамдық бірлестігі мәдениетаралық диалогқа және жастардың өзін-өзі танытуына жәрдемдеседі, жас қазақстандықтардың көшбасшылық әлеуетін дамытады», – деді ол.
Осылайша, ҚХА бүгінгі таңда қоғамдық мәртебесіне қарамастан, елдік мүддеге қызмет ететін стратегиялық күшке айналып отыр.
Ассамблеяның 30 жылдық қызметі елдегі этносаралық келісімді нығайтып, қоғамдық бірлік пен тұрақтылықтың басты тетіктерінің біріне айналды. Осы жылдар ішінде ҚХА бірнеше маңызды бағыттар бойынша жүйелі, әрі тарихи мәнге ие реформаларды іске асырды. Атап өтсек:
- Бірлік пен азаматтық тұтастық: ҚХА қазақстандық бірегейлік пен азаматтық тұғырнама негізінде этностарды біріктіріп, олардың қоғамдық өмірге толыққанды араласуына жағдай жасады.
- Конституциялық мәртебеге көтерілу: Бастапқыда кеңесші орган ретінде құрылған ҚХА бүгінде парламенттік өкілеттігі бар конституциялық институтқа айналды. Бұл ұйымның қоғамдық-саяси салмақтағы рөлін жаңа деңгейге көтерді.
- Мемлекеттік құрылымдармен үйлесімді жұмыс: ҚХА жанынан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті және Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Бұл – этносаралық саясатты ғылыми негізде дамытудың жаңа кезеңі.
- Парламенттік өкілдік: Ассамблея ұсынысымен ҚР Парламенті Сенатына Мемлекет басшысы тағайындайтын 5 депутат бекітіледі. Олар ҚХА-ның этностар мүддесін заңнамалық деңгейде танытып, қоғамдық бақылау мен кері байланысты жүзеге асыруда.
- «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы: Ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді қолдау бағытында Парламентте жаңа депутаттық топ құрылды. Бұл топ 30 депутаттан тұрады: 10-ы Сенаттан, 20-сы Мәжілістен. Оның палатааралық сипаты – заң шығару үдерісіне кең ауқымды ықпал етуге мүмкіндік береді.
- Қоғамдық-саяси жаңғырту: ҚХА еліміздегі саяси реформаларды қолдауға және барлық этностарды стратегиялық міндеттерді шешуге жұмылдыруда маңызды рөл атқарды. Бұл этностарды азаматтық қағидаттарға негізделген біртұтас ұлт ретінде біріктіруге бағытталған жаңа тұғырнаманың қалыптасуына себеп болды.
- Мәдени және тілдік саясат: Ассамблея арқылы халықаралық стандарттарға сай этностардың тілін, дәстүрін, мәдениетін дамытуға жағдай жасалды. Сонымен қатар, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде біріктіруші рөлі кеңінен танылып отыр.
- Саясиландырудан қорғау және сыртқы ықпалға қарсы тұру: ҚХА этносаралық қатынастарды саясиландырмау және Қазақстан этностарының сыртқы саяси күштердің ықпалына түспеуін қамтамасыз ету бағытында нақты шаралар қабылдады.