2025 жылғы 24 сәуірге қараған түні Солтүстік Қазақстан облысы Тепличное ауылының маңындағы жағалау учаскесіндегі судың деңгейі бұрын салынған бөгеттің биіктігімен салыстырмалы деңгейге жетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Судың тасып кетуінің алдын алу және елді мекен аумағының су астында қалу қаупін азайту мақсатында ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Академиясының курсанттары шұғыл түрде бөгетті нығайту және биіктету жұмыстарын бастап кетті.
Академия бастығы полковник Артур Тоқышевтің басшылығымен жұмыстар тәулік бойы, әрқайсысы 200 адамнан тұратын екі ауысыммен жүргізілуде.
Курсанттар инертті материал салынған қаптарды толтыру мен оларды бөгет бойына төсеу жұмыстарын үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Жеке құрамның үйлесімді және батыл іс-қимылының арқасында су тасқынының елді мекенге таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
ҚР Ұлттық ұланының Академиясы су тасқыны жағдайының салдарын азайтуға белсене қатысып, азаматтардың қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз етуді жалғастыруда.