Астанада жастарға Ұлы Отан соғысы батырлары рухында патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды

1628
Фотосурет: Gov

ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде «Ұлы Отан соғысы қаһармандарының ұлт тарихына қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Конференция жұмысына ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің әскери тарих саласындағы сарапшылары мен мамандары, Қарулы күштердің ардагерлері, профессорлық-оқытушылар құрамы, Ұлттық қорғаныс университетінің магистранттары мен докторанттары, жоғары әскери және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен курсанттары қатысты.

Конференцияға дайындық барысында әскери-тарихи материалдардың үлкен көлемі зерделеніп, жинақталды. Жиын форматы қатысушыларға сындарлы түрде пікір алмасуға, қазақ халқының қаһармандық тарихының өзекті мәселелерін талқылауға, аға буынның Жеңіске қосқан үлесін зерттеуге ғылыми тұрғыдан қарауға мүмкіндік берді. 2025 жыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы белгісімен өтуде. Бүгінде қазақстандықтар үшін аталарының ерлігі туралы естелік ұрпақтарды біріктіретін адамгершілік өзегіне айналды.

 – Отан тарихының осы даңқты беттерін есте сақтау, майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлік образы арқылы келешек ұрпақты тәрбиелеу маңызды. Әскери тарих сабақтарын меңгеру әскери-патриоттық жұмысқа жаңа серпін беріп қана қоймай, әскери өнерді дамытудың перспективалық бағыттарын болжауға да көмектеседі, – деп атап өтті ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков.

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Қазақстан халқының бестен бір бөлігі соғысқа шақырылды. Әрбір екінші қазақстандық соғыстан оралмады. Республика аумағында құрылған құрамалар мен бөлімдер өздерін өшпес даңққа бөледі. Қазақстаннан шақырылған сарбаздар Ұлы Отан соғысының барлық майдандарындағы операциялар мен шайқастарда ерліктің ерен үлгісін көрсетті.

Біздің сарбаздардың жауынгерлік жолы даңққа толы. Көптеген бөлімдер мен құрамалар құрметті атауларға ие болды. Қазақстан майдан үшін сенімді тыл, армия үшін нағыз арсеналға айналды. Еліміз эвакуацияланғандарды жылы қабылдады. Көшіп келген өнеркәсіптік кәсіпорындар қайта жанданып, қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуетіміз артты. Стратегиялық ресурстарымыз ұлғайып, ауыл өндірісі дамыды.

Рухани-адамгершілік пен патриоттық құндылықтар идеологиялық жұмыс саласындағы негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Қатысушылар конференция жұмысының нәтижелері тиімді болатынына сенім білдірді. Өйткені жаңа идеялар мен гипотезалар осы саладағы жаңа зерттеулерге түрткі болуы мүмкін.

Халықаралық ғылыми-практикалық конференция майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігі арқылы олардың ұлт тарихына қосқан жиынтық үлесін түсінуге, жастарды тәрбиелеуге және әскери қызметшілердің Отанды қорғауға дайындығын қалыптастыру үшін әскери-патриоттық жұмысқа қуатты серпін бермек.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -