2025 жылғы 25 сәуірде Ақмола облысында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жауынгер» облыстық күш құрылымдарының қызметкерлері арасындағы кешенді спартакиада аясында шағын футболдан чемпионат өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Турнирдің қатысушылары мен қонақтарына салтанатты сөз сөйлеген Ақмола облысының прокуроры, облыстық «Жекпе-жек өнері қауымдастығының» президенті Руфат Құттықов былай деді:
«Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған жауынгерлік спартакиадасының шағын-футбол чемпионатының ашылуымен құттықтаймын!
Бұл мереке – әрбір қазақстандықтың жүрегінде ерекше орын алатын қасиетті күн. 80 жыл бұрын халқымыз фашизмге қарсы күресте ерен ерлік көрсетіп, болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмір сыйлады.
Ұйымдастырылған турнир – жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – ерлік пен патриотизмнің, бірлік пен рухтың нышаны.
Бүгін біз бейбіт өміріміз үшін жанын қиған батырларымызға тағзым ете отырып, олардың ерлік дәстүрін жалғастырып келеміз.
Сіздер – елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзеткен бүгінгі күннің жауынгерісіздер. Осы турнир күш-жігерді шыңдайтын, достық пен ынтымақты арттыратын маңызды алаң.
Баршаңызға сәттілік, командалық рух және жеңіс тілеймін!Жеңіс рухы жүректеріңізде мәңгі жасасын!Батырларымызға тағзым, жарысымызға сәттілік!».
Ойындар жоғары деңгейдегі дайындықты, жеңіске деген жігер мен қарсыластарға құрметті көрсете білген әр команда үшін ерекше әсерлі, эмоцияға толы атмосферада өтті.
Турнир нәтижесі бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді:
- 1 орын — Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті
- 2 орын — Ақмола облысының Полиция департаменті
- 3 орын — Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп –тексеру департаменті
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Кубоктармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Турнир жағымды нотада аяқталып, қатысушылар мен көрермендерге спорттық бауырмалдық пен мереке рухын сыйлады.