Қарулы күштердің 55524 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлы Отан соғысына қатысқан Николай Семенович Куриленконы 98 жасқа толған туған күнімен құттықтап барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
1944 жылы Николай Куриленко 17 жасқа толып, содан кейін ол Кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Балтық жағалауындағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің зениттік артиллериясында қызмет етті. Соғыс аяқталарға жақын олардың бөлімшесі Польшаға жіберілді. Онда олардың әскери бөлімі Висла өзеніндегі бомбалаудан кейін қалпына келтірілген теміржол көпірін қорғауда тұрды. Осы көпірде жеңісті қарсы алды. Соғыс аяқталғаннан кейін Николай Куриленко 1951 жылға дейін әскерде қызмет етті.
– Николай Семенович – Брянск облысының тумасы. 1958 жылы әйелі Мария Федоровнамен бірге комсомолдық жолдамамен Қазақстанға Магнитканы салуға келді – сол жылдары біздің қаламыз Теміртау деп аталды, – деді 55524 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары подполковник Жұлдыз Сағымбаев. – Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біз ардагердің қал-жағдайын біліп, әңгімелесіп қайттық.
Николай Семенович Куриленконың әскери еңбегі І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуковтың «Ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және басқа да марапаттармен еленді.
Николай Семенович қонақтарды қуана қарсы алды, арасында ақын Александр Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасынан үзінді оқыды.
Бүгінгі таңда Николай Куриленко – Теміртау қаласындағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері. Бес бала тәрбиелеп өсіріп, олардан 10 немере, 13 шөбере және 3 шөпшек сүйіп отыр.